«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕУДЕМДІ МЕНІҢ ТОЛҒАҚТЫ ОЙЛАР КЕРНЕСІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мынау жарық әлемнің көкжиегіне көңіл сәулесін қонақта­тып, жүрек бұлқынысынан буырқанған жыр селін тудыру екі­нің бірінің қолынан келетін жеңіл дүние емес. Ол үшін ақынға ең алдымен өмірді өзгеше болмыспен қабылдап, та­би­ғаттың, айналадағы барлық тірі жанның жаратылысын шы­найы пейілмен жақсы көру шарт. Ішкі поэтикалық қуат пен кестелі тіл, келісті теңеу де ақынның қылдан нәзік жанын, судан таза көңілін оқырманына жақындата түседі. Мі­не, осы қасиеттер есімі өңір жұртшылығына белгілі жур­налист, ақын Нұрсайын Шәріптің өн бойына тоғысқан. 70 жастың биігіне абыроймен көтерілген қаламгердің жуырда “Жарнама фабрикасы” баспасынан “Жырлайды жүрек” ат­ты жыр жинағы жарық көрді. Нұрсайын Шәріп жинақтың ал­ғы сөзінде: “Шынын айтқанда, мен ақын болайын немесе жыр­ларыммен атымды шығарайын деген адам емеспін. Қа­ра­ғанды мемлекеттік университетінде оқып жүрген ке­зім­де көңілімді баураған сезімдерімді жыр жолдарымен өрнек­тегім келді. Сол сәттерді ақ қағазға түсіріп, өзіміздің об­лыс­тық газетке жолдап отырдым. Бірақ соларды жинаған жан емеспін. Олар –менің көңілімнің жан сыры, өмірімнің шер­тілмеген пернесі болатын”, – деп ағынан жарылады. Ақын­дықтың бір қалыбын қарапайымдылық деп таныған қалам­гердің топтама өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отыр­мыз.

ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК

Жырлайды жүрек жанымның сырын ақтарып,

Толықсып жатыр көңілді баурар шақ та нық.

Шабыттың шөлін қандырсам – жалғыз арманым,

Ақынмын деп мен жан емен жүрген мақтанып.

 

Жырлайды жүрек сезімнің басып пернесін,

Кеудемді менің толғақты ойлар кернесін.

Өмірге тіптен өкпелі жанның бірі емен,

Түңілем, түге, мен несін?!

 

Жырлайды жүрек,

Жүгім көп жүрген көтеріп,

Өмірден мына сыйлы жан болып өтелік.

Қазақы тілмен өмірдің жайын толғайын,

Жанымды жалдап, кеудемнен кәусәр от өріп.

 

Жырлайды жүрек,

Тылсымға батып, тынбасын,

Түн мен Ай ғана болсыншы менің мұңдасым.

Жұлдызды түнде қойнына сүңгіп арманның,

Даланың күйін сезімім елтіп, тыңдасын.

 

Жырлайды жүрек, көгіне қарай самғасын,

Тұлпардай ойлар көмбеде семіп қалмасын.

Нәп-нәзік сырлар қылдарын шертіп сезімнің,

Жырлардың жолын шабытпен өре жалғасын.

 

Жырлайды жүрек,

Көңілді баурар шақ та нық.

Арманды жолда көрген жоқ мендік бақ та арып.

Шабыттың шөлін қандырам деген кезімнен,

Келемін мен де жанымның сырын ақтарып…

 

ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИ

Келдібек би кіндігінен,

Тарағанын білді кілең.

От ауызды Орта жүздің

Ай боп туған түндігінен.

 

Оқ жонады ата көрген,

Шаншар баба бата берген.

Хан Абылай қолдағасын,

Үш жүзді өрлей атақ ерген.

 

Көрсетпеген досқа сесін,

Жібермеген жауға есесін.

Хан Қонтажы ордасында,

Шайқалтпаған дау кесесін.

“Атшы бала” дескен күннен,

Қалмақ ханын сескендірген.

Атақ алып “Қаз дауысты”,

Дау – дамайды шешкен бірден.

 

Жау да білген – артық кімнен?!

Тілмен бәрін қарпып, тілген.

“Атшы бала” қазақ үшін,

Аттың жалын тартып мінген.

 

Қоймағанмен бақтан қаша,

Бой ұрмаған мақтанға аса

Ойламаған шыбын жанды,

Жолға шыққан “Аттандаса”…

 

ҚҰНАНБАЙ

Қатал!

Озбыр!

Дегенге мойын бұрдық,

Тоқыраудың көтердік ойын құлдық.

Құнекесіз Абайдың тумасына,

Сене алмадық,

Сенбедік.

Неткен сұмдық!

 

Шыққан қара халықтың арасынан,

Күйген талай сол қазақ жаласынан.

Кім екенін сездірген тілмен және

Жалғыз көздің тесіле қарасынан.

 

Қалса-дағы күнәкар қарғысына,

Тәуке ханның тоқтаған “Жарғысына”.

Мектеп, мешіт салғызып орта жүзге,

Қажы болып, бөленді ел алғысына.

 

Озбыр деген сөзіңе қосылмаймын,

Куәсі боп жүрген соң тосын жайдың.

Абайсыз – ақ Құнекең билігі бар,

“Бар алашқа, – дейтұғын, – осындаймын!”.

 

Батыр,

Батыл кезінде болған екен,

Қатал.

Сырын ашпаған жанға бөтен.

Ақын болған Абай да:

“Ел сыйлаған

Жақсылығын, – деген ғой, – жалғап өтем!”…

 

АРДАГЕРЛЕР

Көп емессіңдер,

(Әкем де жоқ сіздермен кеңессін дер).

Өздерің бар: “Ұлдарым тең өссін!”, – дер.

Арманымен жарқылдап жасындайын,

Қан майданнан оралған елессіңдер.

 

Жоқ жасқанарың,

Бұл өмірде шарықтап тасқан арың.

Өздерің бар: “Білсін, – дер, – асқан әлін”.

Сұрайтыным қарттықтан: “Берлин барып,

Жауды жеңген ерлерді жасқамағын!”

 

Жасымаған,

Бірің – атам, бірің дәл – асыл ағам,

Жеңіспенен мына елді асыраған.

Қауқары жоқ демейді бүгін ешкім,

Тілеп жүрген ауылдың жасына қам.

 

Дауыл сынды,

Кеудесімен қарсы алған ауыр сынды.

Қолдамайтын өмірі қалыс үнді.

Өздеріңдей болам деп бүгін мен де,

Баптап жүрмін балапан қауырсынды.

 

Көп емессіңдер,

(Құрдастарың азайды кеңессін дер).

Өздерің бар: “Ұлдарым тең өссін!”, – дер.

Арманымен жарқылдап жасындайын,

Қан майданнан оралған елессіңдер.

 

АБАЙ

Жасаса да аз – ақ тым,

Болған екен жаны асыл

Жыр байрағы – қазақтың,

Кем-кетікке – жанашыр.

 

Шен-шекпенге болып қас,

Білім үйген басына.

Үйренуден жалықпас –

Жастар жиған қасына.

 

Ақындары аз ұнаған,

Жырдан түйін түйгесін.

Бар қазақты сынаған,

Бар қазақты сүйгесін.

 

Ардан, діннен безбеген,

Қылмаса да молдалық.

Қайран қазақ сезбеген

Жыры айтса да жолды анық…

 

ҚЫЗЫЛЖАР

Қызылжар Сарыарқаның етегінен

Қоныс ап, елмен бірге көтерілген.

Екі жүз жетпіс жылдай еңсерсе де,

Тарихын әлі ешкім жоқ жете білген.

 

Келбетін кейін ғана таныта алған,

Алыптар мекен етіп, сырға қанған.

Настя мен Баймағанбет Ізтөлиннің

Болашақ үшін мұнда қаны тамған.

 

Көшеде Шоқан, Мағжан ізі қалған.

Алыптар: Сәбит, Ғабит – Қызылжардан.

Үкілі Ыбырайдың әні әуелеп,

Ауасын Ерке Есілдің бұзып, жарған.

 

Даласы ұл мен қызға кенде ме екен?

Біржан сал, Сегіз сері қылған мекен.

Аталмай тұрып қажы бала Мұқан

Танытты бек туғанын елден бөтен.

 

Қызылжар ел айтатын ән атындай,

Бәйгеге бұрын тұрды жаратылмай.

Қуат ап туған жерден бұл күндері,

Жарқырар бар қырымен сары алтындай.

 

Қызылжар Сарыарқаның етегінен

Қоныс ап, елмен бірге көтерілген.

Екі жүз жетпіс жылдай тарихы бар,

Қаланы жырыма арқау етемін мен…

 

ТЕХНИКАЛАРДЫҢ “ЗАРЫ”

– Менің атым трактор,

Арызыма құлақ түр.

Басшы қойып кепілге,

Сот дікілдеп сұрап тұр.

 

Оңды – солды қармаған,

Ел байлығын жалмаған,

Ұяты жоқ басшының,

Әкесінен қалмағам.

 

Сыртым бүтін болғасын

Болып тұрмын қорғасын.

Тартса мені сотына

Құдай қайтіп оңдасын?!

 

– Менің атым комбайн,

Кімдер көрген ондайын..

Сотталатын болған соң,

Қалай қанат қомдайын?!

 

Қайдан болсын нар, ізгі үн?!

Құлы болдық қарыздың.

Жалмап, жұтып қоятын,

Күші коп қой арыздың.

 

Р.S.

Түңіл, мейлі түңілме,

Сен білмейсің түгін де.

Кепілдікке қойылар,

Жер – анамыз бүгінде.

 

САҒЫНДЫМ, БАЛАМ, МЕН СЕНІ

(ұлым Берікболға)

Сағындым, балам, мен сені,

Жаным ең таудай еңселі.

Жарқылдап жүріп,

Жасындай,

Түсіріп кеттің еңсені.

 

Сағындым, жаным, қайтемін,

(Бола ма тағдар – жай, тегін).

Күтумен күндер өтуде,

Жазылар сәттің айт емін?!.

 

Сағындым, бота, құлыным,

Болмаушы ед, тіптен тынымың.

Қылшылдап тұрған шағыңда,

Әкенің арнар жыры – мұң.

 

Сағындым, балам – асқарым,

Өзіңмен шалқып, тасқамын.

Қайғыңнан шөгіп қалдым ғой,

Басына берме басқаның…

 

КҮНІ БҰЛ КӨРГЕН ТІЛШІНІҢ

Бұзбақ боп сөздің қамалын,

Қаламнан тапқан амалын.

Соғып жүр жарға, тасқа да,

Ойламай бастың аманын.

 

Мұрат қып жалғыз егені,

Ақпарат қана “жегені”.

Сапардан қолы босамас,

Таусылса сөзбен егері.

 

Жауында, долы боранда

Су болған кейпі сонан ба?!.

Қияли болып көрінер,

Сыралғы көрші – қолаңға.

 

Жан емес үйір мақтанға,

Маңдайға біткен бақтан ба?!

Ұйқысы шала болса да,

Құр аттай жарар ақ таңда.

 

Көрмеген шаршап, шалдығып,

Арманы – асқақ, алды – үміт

Сырласқан жанға досындай,

Жақсы сөз кетер қалдырып…

 

Өмірдің аршып қылшығын,

Жазам деп дәйім кіл шынын,

Жоғары жаққа жақпайтын,

Күні бұл көрген тілшінің…

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp