“Qyzyljar” футбол клубының бас бапкері лауазымына Андрей Карпович тағайындалды.
Бұған дейін ол бірнеше жыл “Қайрат” футбол клубының жаттықтырушылар штабында жұмыс істеді. Ал 2018-2020 жылдары көкшетаулық “Оқжетпес” клубының бас бапкері болды. Былтыр Премьер-лигада өз орнын сақтай алмаған аталмыш ұжым бірінші дивизионға түскені белгілі. Маусымды сәтсіз аяқтаған Андрей Карповичке спорттық мансабындағы бұл олқылықты түзетуге жаңа мүмкіндік берілді.
Былтыр петропавлдық клубты Вячеслав Руснак жаттықтырған болатын. Оның жетекшілігімен жергілікті футболшылар өткен маусымда 23 ұпай жинап, турнир кестесінде 9-шы орынға тұрақтады. Алайда, молдовалық маман өз еліне кетуді ұйғарды. “Qyzyljar” клубының жаттықтырушылар құрамына бас бапкердің көмекшісі болып Юрий Чухлеба, физикалық дайындығы бойынша жаттықтырушы ретінде Борис Глушков және қақпашылармен жұмыс істейтін бапкер Александр Петухов кірді.
Айта кетейік, бас бапкерден бөлек командамен қош айтысқан ойыншылар да бар. Биылғы маусымда жанкүйерлер Руслан Корян, Михаил Платика мен Иван Маркеловті жасыл алаңда көре алмайды. Сондай-ақ, қызылжарлықтардың екінші қақпашысы болған Антон Цирин де өзге командаға ауысты. Команда сапында негізгі құрамда ойнаған орталық қорғаушы, сербиялық легионер Урош Делич клубпен келісімшартты ұзартқан жоқ. Сондай-ақ, петропавлдық жанкүйерлердің сүйіктісіне айналған Момоду Сиссей де кетті. Гамбиялық аяқдоп шебері 41 кездесуге қатысып, 11 рет мергендік танытқан.
“Qyzyljar” клубы баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Тимур Мульдинов, Ильдар Аитов, Виктор Гунченко сынды ойыншылардың қатарын жергілікті жас футболшылар толықтыруы мүмкін. Командаға өскемендік Дмитрий Шмидт пен павлодарлық “Ертіс” клубының эксойыншысы Руслан Есимов келді. Негізгі құрам алдағы оқу-жаттығу жиындарының қорытындысы бойынша нақтыланады. Алғашқы жаттығулар Петропавл қаласында 6-15 қаңтар аралығында өтеді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltústik Qazaqstan”.