Қызылжар өңірінің қытымыр қысы сақтықты талап етеді. Қауіпсіздік ережелерін сақтамасаң, үскірік аяздан, көктайғақ пен дауылдан зардап шегуің әбден мүмкін. Төтенше оқиғаларға қашанда дайын болсаңыз, кез келген қиындық еңсеріледі. Өкінішке қарай, сақтық талаптарын жұрттың барлығы бірдей ескере бермейді. Сондықтан жақын және алыс жолдарға шығатындар қауіпсіздік шараларын естен шығармағаны абзал.
Ең алдымен, синоптиктердің болжамдарын ескеріп, күннің райын бақылап, жол қауіпті көрінсе, сапарды кейінге қалдырған абзал. Алыс сапарға шығуға жағдай мәжбүрлеп тұрса, көлігіңіздің техникалық жарамдылығына әбден көз жеткізіңіз. Екіншіден, қай жаққа, немен және қашан шығып жететініңіз туралы жақындарыңыз хабардар болсын. Оқыс оқиға жағдайында сізді іздеу және құтқару шаралары қабылданатыны сөзсіз. Ондайда байланыс құралы қолыңызда болса, құба-құп. Үшіншіден, жылы киініп, ыстық шай немесе кофе құйылған термосты, бірнеше майшамды, медициналық қобдишаны өзіңізбен бірге ала жүргеніңіз дұрыс.
Боранда жолда қалуға мәжбүр болсаңыз, көлікті желдің ығына орналастыруға тырысыңыз. Жанармайды үнемдеу үшін оны көп жағып қоймай, салонның ауасын әлсін-әлсін жылытыңыз. Ең бастысы, газ шығаратын түтіктің бекітіліп қалмағанын тексеріп алыңыз. Сонымен қатар іздеушілердің немесе жол-жөнекей адамдардың көз қырына тез ілігу үшін көліктің жоғары жағына түрлі түсті мата байлап (ұзын таяқша, антенна) қойыңыз. Көлікті қар жауып қалса, қозғалтқышты қоспаңыз, мотор жұмыс істеген кезде түтіннің салонға кіруі ықтимал. Елді мекеннің қай жақта орналасқанын, оның алыс-жақынын білмесеңіз жаяу жолға шығудың қажеті жоқ. Оны тек басқа амал қалмаған жағдайда ғана ойластырыңыз. Ол үшін бар киіммен қымтанып алған жөн. Байланыс құралдары немесе жолда кетіп бара жатқан жолаушылар арқылы төтенше жағдайға немесе жол полициясына хабар беру керек. Құтқарушылардың “112” телефон нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді, сіздің қоңырауыңыз ескерусіз қалмайды.
Жоғарыда айтылған қауіпсіздік ережелерін сақтау қиын емес. Оларды сақтай отырып, өзіңіздің және қасыңыздағылардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптерді азайта аласыз.
Дамир АЙТБАЕВ,
Айыртау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері.