Қаңтардың 20-нан бастап өңірімізде электр қуаты қымбаттайды. Бұл туралы «СевКазЭнерго» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады. Айта кету керек, тарифтер тек заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін ғана өседі. Ал жеке тұлғалар үшін бұрынғы қалпында қалады.
Жарық бағасының өсуіне «Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамының желілері арқылы электр қуатын тарату тарифінің қымбаттауы себеп болды. Бұрын бұл қызметтің ақысы 1 кВт/сағат үшін 4,11 теңге болса, енді 4,47 теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде «Севказэнергосбыт» ЖШС-і тұтынушыларға электр энергиясын бөлшектеп сату қызметінің бағасын өзгертетін болып шешілді. Электр қуатының бағасы қосымша құн салығын қоса алғанда орташа есеппен 1 кВт/сағат үшін 18,19 теңгені құрамақ. Бұған дейін, яғни былтырғы жылдың 15 тамызынан бері тұтынушылар жарықтың 1 кВт/сағатына 17,19 теңгеден төлеп келген. Өсім 6 пайызды құрап отыр.
Электр энергиясын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өндірумен байланысты емес, яғни жеке қажеттіліктері үшін пайдаланатын тұтынушылар қосымша құн салығын қосқанда 1 кВт/сағатына 12,94 теңгеден төлейді. Ал электр қуатын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланбайтын заңды тұлғалар үшін баға 20,65 теңге. Бұл санаттағы тұтынушылар үшін өсім 8 пайызды құрап отыр. Бюджеттік ұйымдар үшін электр қуаты 9 пайызға қымбаттап, 23,16 теңге болады.
Сараланған тарифтер бойынша электр плитасын қолданатын жеке тұлғалар үшін бұрынғысынша 1-ші деңгей тарифі 1 кВт/сағат үшін 10,47 теңге, 2-ші деңгей 15,52 теңге, 3-ші деңгей тарифі үшін 19,41 теңге. Ал электр плиталарын қолданбайтын жеке тұлғалар үшін 1-ші деңгей тарифі 1 кВт/сағат үшін 11,51 теңге, 2-ші деңгей тарифі 15,52 теңге, 3-ші деңгей 19,41 теңге.
Сурет: https://www.inform.kz/