Облыс орталығында қар тазалау жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі күнге дейін шаһар аумағынан 35 мың текше метрден астам ақ ұлпа сыртқа шығарылды.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулованың айтуынша, биыл облыс орталығында 14 коммуналдық кәсіпорын жұмыс істеуде.
– Қыс мезгілі – коммуналдық кәсіпорындар жұмысшылары үшін қауырт шақ. Өйткені, олар күнбе-күн қар шығарып, көлік қозғалысының шектелмеуіне күш салады. Облыс орталығы көшелерін қардан аршып, сыртқа шығару жұмыстарына 140-тан астам адам жұмылдырылды. Олар 200-ден астам техниканың көмегін пайдалануда. Қар тазалау негізінен кешкі сағат 22.00-ден таңғы 5.00-ге дейін атқарылуда. Осы орайда тұрғындардан түнде көліктерін көшелердің бойына қалдырмауын сұраймыз. Өйткені, олар арнайы техникалардың жұмысына кедергі келтіреді, – дейді ол.
Бұдан бөлек, коммуналдық компаниялардың жұмысшылары көктайғаққа қарсы реагенттерді себуді де ұмытпайды. Тұз қосылған құм аялдамалар маңы мен жаяу жүргіншілер және автожолдарға шашылуда.