Орталық сайлау комиссиясы елімізде өткен Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудың қорытындысын шығарып, саяси партияларға берілген дауыстар санын жариялады.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тізімдеріне 11 919 241 азамат енгенін хабарлады. Олардың ішінде 7 539 280 адам немесе сайлаушылардың 63,25 пайызы сайлау бюллетеньдерін алған. Дауыс беруге 7 389 153 адам қатысқаны белгілі болды, оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша 13 677 сайлаушы дауыс берді.
Саяси партиялар бойынша Қазақстан Халық партиясы – 659019 (9,10 пайыз), «Nur Otan» партиясы – 5 148 074 (71,09 пайыз), «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы – 383 023 (5,29 пайыз), «Ақ жол» демократиялық партиясы – 792 828 (10,95 пайыз), «ADAL» саяси партиясы – 258 618 (3,57 пайыз) дауыс жинаған.
Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда үш саяси партия ие болған мандаттар саны жарияланды. «Nur Otan», «Ақ жол» және Қазақстан Халық партиясы жеті пайыздық межені еңсеріп, Қазақстан Парламентіне жолдама алды. Қорытынды бойынша «Nur Otan» партиясы – 76, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 12, Қазақстан Халық партиясы 10 мандатқа ие болды.
Отырыс барысында Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар белгілі болды. 11 қаңтарда өткен ҚХА сайлайтын Мәжіліс депутаттарын сайлау нәтижесі бойынша 9 депутат анықталды. Олардың ішінде Сауытбек Абдрахманов – 298 (84,9 пайыз), Аветик Амирханян – 270 (76,9 пайыз), Ильяс Буларов – 274 (78,1 пайыз), Наталья Дементьева – 292 (83,2 пайыз), Юрий Ли – 282 (80,3 пайыз), Вакиль Набиев – 285 (81,2 пайыз), Шамиль Осин – 271 (77,2 пайыз), Владимир Тохтасунов – 277 (78,9 пайыз), Абилфас Хамедов 290 (82,6 пайыз) дауысқа ие болды. Сайлаушылар тізіміне енген 509 азаматтың 351-і немесе 68,9 пайызы дауыс беруге қатысты.
Сондай-ақ кеше Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауының қорытындысына арналған отырыс өткізді.
Жиында мәслихаттар депутаттары сайлауының қорытындысы мен депутаттық мандаттарды бөлу мәселесі қаралды. ОСК төрағасы Берік Имашев өз сөзінде мәслихаттар депутаттарының сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиялары анықтайтынын атап өтті. Елдегі 216 мәслихат бойынша жұмысты облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары жүргізген. Осы мәселеге қатысты комиссия мүшелері аумақтық сайлау комиссияларының есептерін тыңдады.
«Сайлау науқанында атқарылған жұмыстар үшін баршаңызға алғыс айтамын. Осы арқылы мәслихаттар бойынша сайлау науқанын аяқтадық. Мәслихаттар депутаттары алғаш рет пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланды. Бұл – 2007 жылғы конституциялық реформаның қисынды жалғасы, республикалық және жергілікті деңгейлерде өкілді органдарды қалыптастыру жөніндегі тәсілдерді біріздендіреді», деді Берік Имашев. Оның айтуынша, Сайлау туралы заңға сәйкес депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін саяси партияның тиісті филиалының басшы органы сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бес күннен кешіктірмей айқындайды.
Мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
https://egemen.kz