«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Менің туым – менің Отаным!” челленджі Қызылжар өңірінде бастау алып, қазір еліміздің көптеген аудан-ауылдарында жалғасып жатыр. Атқа қонып, ту ұстаған жігіттердің сап түзеп өткен, ұрандатқан, рух беретін әндер шырқаған бейнероликтері әлеуметтік желілерді шарлап кетті.

Алғашқы іс-шара Тайынша ауда­нының Қарағаш ауылында өткені белгілі. Тәлім-тәрбиесі мол шерудің қасиетті Қызылжар жерінен басталуының өзіндік мәні бар. Облыста Ботай қонысы орналасқан. Онда осыдан 5 мың жыл бұрын жылқы малы қолға үйретілген. Жылқы бабаларымыздың шаруашылық-тұрмыстық көлігіне, жаудан елді, жерді қорғайтын серігіне айналғаны белгілі. “Акцияны тұяғымен жер тарпыған, ауыздығымен алысқан сәйгүліктерге қиқу қоса, көк байрағымызды желбірете ұйымдастыру – биыл атап өтілетін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған сый болса, сондай-ақ, біртұтас Қазақ еліне көз алартқан ішкі-сыртқы сепаратистік, шовинистік күштер мен топтарға деген қарсылық акциясы”, – дейді осы шараны Жамбыл ауданының Баян ауылында ұйымдастырушылардың бірі Мұхтар Бегалин.
Челлендж қазір өңірдің әр ауданында, әр ауылында өтіп жатыр. Айыртау ауданының Ақан сері, Казанка, Карасевка, Шал ақын ауданының Бірлік, Социал елді мекендерінде ұйымдастырылды. Әзірленіп жатқандары қаншама?! Шынында да, Қазақстан жастарының патриоттық рухын ояту үшін мұндай іс-шаралар өте керек, еш артықтығы жоқ. Бұл бастаманың көрші Ақмола облысында қолдау тапқаны қуантады. Өзге облыстар да іліп әкетсе, құба-құп болар еді.
Бұл акцияның мән-мағынасы, тәлім-тәрбиесі өзгеше, ерекше. Тек шерудің әу баста ойластырылған мақсатының қадір-қасиетін түсірмей, науқаншылдыққа салынбай, өз деңгейінде өткізілсе деген тілек бар. Қазір кей ауылдардың асығыс-үсігіс түрде біркелкі өткізіп жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Формалық жағынан түрлендіріліп, мазмұны жағынан байытылып, мәселен, батырларша киініп, сахналық көріністер қойса тіптен дұрыс. Кейде ат мінгендердің шырқын көліктердің дабылы бұзып жіберіп жатыр. Оның орнына дыбыс ұлғайтқыштар арқылы рухты әндеріміз шырқалып жатса, қандай ғанибет?!
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp