Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жерлес ақын Әмина Шалабаеваның туғанына 105 жыл толуына орай “Жақсы жырдың ұшқыны” тақырыбында онлайн шара өтті. Кітапхана қызметкері Аманжол Зағыпар лирикалық өлеңдерімен көпке танылған қаламгердің өмірі жайында әңгімелеп, шығармашылық жолынан сыр шертті.
Жерлесіміз Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ақмола деген ауылда дүниеге келген. Жастайынан Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін түгелдей жатқа білген. Алматыда газет, баспаларда түрлі қызметтерді атқара жүріп, ақындық шеберлігін шыңдай түседі. Тұңғыш жыр жинағы 1962 жылы “Менің қарлығашым” деген атаумен жарыққа шыққан. “Күн қызы”, “Тау бұлағы”, “Әнші қоңырау”, “Менің өрнектерім” сияқты бірнеше кітаптары өлеңсүйер жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан.
Әмина Шалабаеваның айтыскер ақын Ерік Асқаровтың апасы екенін де көпшілік біле бермейді. Інісінің дарынын жастай аңғарған ақын әкесі Мұхаммед-Хафиздің ақ батасымен оны Алматыға шақыртып алып, ақындық жолға түсірген. Онлайн-шара барысында Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің шәкірті Диас Аяған, кітапхана жанындағы “Жас қаламгер” клубының мүшелері Данаш Әбдірахманова, Ермахан Нұрлан, Шұғыла Нұрлан мен Самрат Құскен ақын апамыздың бірнеше өлеңдерін оқып берді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.