Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы орташа зейнетақының қанша болатынын атады.
Министрліктің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақыға 772,3 миллиард теңге және ынтымақты зейнетақыға 1 721,5 миллиард теңге төленді.
«2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 миллион 247 мың адам. Ал зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері – (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 94 733 теңге», делінген хабарламада.
Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
«Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (бұдан әрі – МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады. Мысалы, егер қатысу өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, 30 жыл – ең төмен күнкөріс деңгейінің 94 пайызы. Жұмыс өтілі 33 және одан да көп жыл болса, ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызы мөлшерінде белгіленеді», деп түсіндірді министрлік өкілдері.
https://egemen.kz