Қоршаған ортаны ластамай, табиғи байлықтарымызды көздің қарашығындай қорғауға әрбір жан атсалысуы керек. Бұл мәселе облыстық экология департаментінің ұдайы назарында. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі 36 тексеріс жүргізсе, соның 29-ы – алдын алу, 7-еуі жоспардан тыс бақылау болды. Бұдан бөлек, өңірдің табиғат пайдаланушыларына экологиялық заңнаманы бұзуды жою туралы 143 ұйғарым берілді. Оның 120-сы орындалса, қалғаны бойынша орындау мерзімі аяқталған жоқ. Анықталған заң бұзушылықтарға қатысты жалпы сомасы 3 млн. 600 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінге дейін оның 3 млн. 160 мың теңгесі өндіріліп алынды.
Биыл департамент қызметкерлері қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындарының бар екенін растау үшін аудандарға 611 рет барды. Нәтижесінде бұл тізімді аумағында 223 рұқсат етілмеген қоқыс орны бар Қызылжар ауданы бастайтынын анықтады. Департамент мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мұндай лас орындардың 560-ын жойды.
Толқын ЖҮНІСОВА,
облыстық экология департаментінің бас маманы.