Облыстық полиция департаментінің бастығы жаңа жылда алғаш рет азаматтарды қабылдады. Сегіз адам полиция полковнигі Марат Төлебаевпен онлайн-диалогқа шықты. Олардың басым бөлігі қылмыстық істерді тергеу мәселелері бойынша жүгінді. Полиция қатарында қызмет етуге ниет білдірген өңірдің үш тұрғыны жұмысқа тұру мәселесін көтерді.
Сұрақтарды мұқият тыңдаған ведомство бастығы бүгінгі таңда полиция қызметкерлеріне қойылатын талаптарға баса назар аударды. Оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді әділ өткізу, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету, тұрғындарға көмектесу, барлық өтініштерге жауап беру сияқты талаптар аталды.
2020 жылы облыстық полиция департаменті басшылығының атына 3169 жазбаша өтініш келіп түсті. Ведомство басшысының жеке қабылдауында екі жүзден астам азамат болды. Сондай-ақ, азаматтар ішкі істер органдарына қатысты өтініштерін әлеуметтік желілерге жазып, жауап алуда.
–Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында тұрғындармен ашық диалог жүргізудің маңызды екендігін атап көрсетті. Бүгін осындай диалог алаңдарын ведомство қабырғасында ғана өткізумен шектелмейміз. Интернет-платформалар мен басқа да электронды ресурстар жеделділік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. Келіп түсетін өтініштерге толық әрі жан-жақты жауаптың берілуі, уақтылы және сапалы қаралуы менің жеке бақылауымда болады, – деді облыстық полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев.