Облыстық әкімдіктің отырысында өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алда тұрған басты міндеттер белгіленді.
«Өткен жылды вируспен күреске арнадық. Қатаң қарантин, демалыс күндеріндегі локдаун, блок-бекеттер, маска режімі – мұның бәрі әдеттегі өмір салтамызды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, бәрімізді ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етуге үйретті. Биыл пандемиямен күрестің жаңа кезеңі басталмақ. Атап айтқанда, ақпан-наурыз айларында қауіп-қатер тобындағы азаматтарға вакцина егу шаралары жүргізіледі», – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кешенді жоспардың ойдағыдай орындалғанын баяндады.
Үш жылда ішкі жалпы өнім көлемі 34 пайызға ұлғайды. Облыс кәсіпорындарының өндіріс көлемі 378,5 млрд. теңгеге, инвестиция 50 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 54 пайызға жетті. Кешенді бағдарламаны 2025 жылға дейін жалғастыруға шешім қабылданып, оның шеңберінде 52 заманауи тауарлы-сүт фермасы, 8 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, 10 өндіріс орны пайдалануға беріледі. Шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға жуықтайды. 15 мың жаңа жұмыс орындары құрылып, экономикалық өсім 4 пайыз болады деп күтілуде.
Құмар Іргебайұлы өңір үшін дәстүрлі сала саналатын агроөнеркәсіптік секторға жан-жақты тоқталып өтті. Ауыл шаруашылығы саласында 779 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 2019 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 167 млрд.теңгеге көп. Салаға 124 млрд.теңге инвестиция тартылды. 2018 жылы – 1560, 2019 жылы – 1896, 2020 жылы 2 мыңнан астам әртүрлі маркалы жаңа техникалар сатып алынды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар. 8 жылғы үзілістен кейін «Биоперейшн» ЖШС-і іске қосылды. Кәсіпорынды жаңғыртуға 12 млрд.теңге жеке инвестиция жұмсалды. Мұнда крахмал, глютен, биоэтанол шығарылады. Биыл жылдық қуаттылығы 100 мың тонналық «Байрек» құрамажем зауыты пайдалануға беріледі. Межеленген 590 мың тоннаның орнына 598 мың тонна сүт өндірілді. Заманауи технологиялар негізінде жұмыс істейтін 10 тауарлы-сүт фермасын құрудың арқасында осындай мүмкіндіктерге қол жеткізілді. Биыл 16 тауарлы-сүт кешені салынып, 400 ауылдық тұрақты жұмысқа орналасады.
Ауыр өнеркәсіп саласында да оң өзгерістер аз емес. «ЗИКСТО», Киров атындағы зауыттарға тапсырыс артып, жаңа өнім түрлері пайда болды. Мәселен, Киров зауытында 54 мың дана компьютер құрастырылды. Экономикаға 281 млрд.теңге инвестиция құйылды. Оның ішінде жеке қаржыгерлердің үлесі –75 пайыз. 2024 жылға дейін 900 млрд.теңгенің 63 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 7 мыңдай жаңа жұмыс орындары ашылады. Жыл аяғына дейін қағаз, ағаш-жоңқа жиһаз плиталарын жасайтын кәсіпорындар бой көтереді.
Соңғы үш жылдың ішінде облыс аумағындағы жолдардың үштен бірі қалпына келтірілгенімен, елді мекендерге қатынау жайы әлі де өзекті. Былтыр бұл мақсат үшін 5,6 млрд. теңге қарастырылып, 74 ауылға жол тартылды. Биыл 125 мың тұрғыны бар 160 елді мекеннің жолдары сапалық жағынан жақсарады. Былтыр 335 шақырым су құбырлары күрделі жөндеуден өтіп, 76 елді мекен тіршілік көзімен қамтамасыз етілді. 2900 үйге су тартылды. Бүгінде өңір тұрғындарының 82 пайызы сапалы ауызсу тұтынады. Биыл бұл салаға 10,7 млрд. теңге бағытталады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай топтық су құбырларын жаңғыртпайынша белгілі нәтижеге жету қиын. Сондықтан бұл саланы қаржыландыру 1,1 млрд.теңгеден 5,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Мұның өзі 3 ірі насос станциясын, 2 су резервуарын күрделі жөндеуден өткізуге мүмкіндік береді. Орталық су құбырына тағы 3 мың отбасы қосылады.
Баяндамашы құрылыс саласындағы жетістіктерді де сөз етті. Былтыр 306 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3300 пәтер тұрғызылды. 12 мың адам баспаналарын жаңартты. Жергілікті бюджет қаржысына 609 үй салынды. Биылғы міндет тіпті ауқымды. Қазынадан бөлінетін 15,6 млрд.теңгеге 340 мың шаршы метр баспана тұрғызылады. 3700 отбасыға пәтер кілттері тапсырылады. «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасы аясында 714 үй салынып, 2535 адам қоныстанады.
Құмар Іргебайұлы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының алдында тұрған биік межелерге қоса негізгі проблемаларды шешу керектігін де әңгімеледі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын жоғары экономикалық көрсеткіштермен, жетістіктермен атап өтуге, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға барлық мүмкіндіктер жұмылдырылатынын жеткізді.