Қауіпті індет спорт саласын да айналып өтпеді. Жоспарлы жарыстар кейінге шегерілсе, оқу-жаттығу жиындары түгелдей тоқтатылды. Жағдай біршама түзелген соң бірқатар жарыстарды көрерменсіз өткізу туралы шешім қабылданды, онлайн өткендері де бар.
Баскетболдан ерлер командалары арасындағы XXVIII ел біріншілігінде өңір намысын қорғап жүрген “Барс” командасы жетістігімен жанкүйерлерін қуантуда. Петропавлдық клуб 2015 жылы құрылған болатын. Спортшыларды клубтың бас бапкері Сергей Моор және оның көмекшілері Михаил Дедов пен Павел Антоненко жаттықтыруда. Биылғы маусымды сәтті бастаған жергілікті команда Атырау қаласында өткен бірінші тур аясындағы алты кездесудің барлығында жеңіске жетіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Қызылжарлық клубтың бұл жетістігін уақытша ғана деп аса мән бермегендер көп болды. Алайда, екінші турда жерлестеріміз турнир кестесіндегі орнын сақтап қана қоймай, он ойында қатарынан жеңіске жетті. Бұл – клуб тарихындағы рекорд.
– Біздің тәрбиеленушілеріміз соңғы жылдары әдемі ойын өрнегін көрсетуде. Жоғары лиганың турнир кестесінде жоғарылап келеміз. Егер 2017 және 2018 жылдары үздік үштікті түйіндесек, былтырғы маусымды екінші орынмен аяқтадық. Бұл – ойыншыларды дұрыс таңдай білуіміздің нәтижесі. Командадағы жігіттердің барлығы да жергілікті балалар. Бірде-бір легионер жоқ. Командаға шақырту алған әр ойыншы жаттықтырушылар бригадасының сүзгісінен өтеді. Спорт саласының мамандары қатарымызды тәжірибелі легионерлермен толықтырған жағдайда, Ұлттық лига командаларына бәсекелестік таныта алатынымызға сенімдімін, – дейді Сергей Моор.
Биыл Жоғары лига ойындарына сегіз ұжым қатысуда. “Барс”, “Қазығұрт”, “Ertis”, “СДЮСШ”, “Алматылық легион 2”, “Атырау Барсы 2” командалары біріншілікке бұрыннан қатысып келсе, “Ақтөбе” мен “Қарағанды” қатарға жаңадан қосылды. Жоғары лига ойындары финалдық плей-офф сериясынсыз өтеді. Барлығы 6 тур жоспарланған, әр команда 42 кездесу өткізбек. Пандемияға байланысты біріншіліктің өткізу уақыты бірнеше рет ауыстырылды. Ақыр соңында баскетбол федерациясы 8 клубты екі топқа бөліп, турларды әртүрлі уақытта өткізу туралы шешім қабылдаған.
Бір атап өтерлігі, “Барс” командасы – Жоғары лигадағы ең жас ойыншылардан құрылған ұжым. Атап айтқанда, жеті ойыншы 2001-2004 жылы туған. Екінші тур аясында өткен кездесулердің бірінде қоржынға 47 ұпай салған команданың үздік сұрмергендерінің бірі – Максим Налогов бір матчта жиналған ұпай саны бойынша рекорд орнатты. Ол әріптесі Артем Козыркинмен бірге турдың үздік бес ойыншысының тізіміне кіргенін атап айтқан жөн. Бұл екеуі жастығына қарамастан, бүгіндері баскетболдан спорт шебері атағына ие. 2020 жылдың соңында қатарға тағы үш жас спортшы қосылды.
Екі турдың қорытындысына сәйкес петропавлдық ұжым турнир кестесінде көш бастап келеді. Жерлестеріміздің еншісінде бірде-бір жеңіліс жоқ. Үш рет жеңіліс тапқан Шымкент қаласының “Қазығұрт” және қарағандылық команда екінші және үшінші орынға жайғасқан.
Өткен жылдың соңында бірнеше баскетболшы коронавирус жұқтырып, команда үшінші турға қатыса алмаған болатын. Биыл жеңімпаз атануға тағы бір мүмкіндік беріліп отыр. Команданың ендігі мақсаты – наурыз айына дейін өтуі тиіс қалған турларда сәтті өнер көрсетіп, Жоғары лиганың жеңімпазы атану.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.