«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛДЫР – МАЛҒА АЗЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруа қожалықтарының бірі ірі қара малдан мол өнім алу үшін жемазық ретінде балдырды қолдана бастады.

Шал ақын ауданы Ақан-Барақ ауылындағы “Әсем” шаруа қожалығы осыдан 20 жыл бұрын құрылған. Шаруашылық қазір егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүр. 3 мың гектар алқабы бар, соның 500 гектарын жемшөп өсіруге қолданады, қалғанына бидай егеді. Бұл дамып келе жатқан шаруашылық үшін өте аз. Кәсіпкердің айтуынша, жердің аздығынан алқаптың бір бөлігін парға қалдыруға мүмкіндік жоқ. Сол себепті қолда бар жерді барынша тиімді қолдануға тырысады.
Аз шығынмен мол өнім алу – әрбір кәсіпкердік арманы. Светлана Атымтаева да осы мақсатпен үш жыл бұрын хлорелла өсіруді қолға алды. Оның айтуынша, хлорелла – дәруменге толы, өте пайдалы балдыр. Оның құрамында кальций, фосфор, магний, калий, мыс, темір, мырыш, күкірт, кобальт, тағы басқа көптеген дәрумендер бар. Құрғақ күйіндегі салмағының 55 пайызы ақуыздан тұрады. Хлорелла йодқа және “жасыл алтын” атанып кеткен хлорофилге де бай. Иісі жоқ. Сол себепті малға, құсқа жемазық ретінде қолданылады.
Бұл – облыста хлорелла өсіретін әзірге жалғыз шаруашылық. Жаңа технологияны қолданысқа енгізу үшін 2 млн. теңге шамасында қаржы жұмсалды. Қажетті қондырғы әкелініп, хлорелла тұқымы Татарстанның Қазан қаласынан жеткізілді. Шаруа қожалығында арнайы зертхана ашылды. Ол жерде зертханашы үлкен ыдыстарда балдыр тұқымын өсірумен айналысады.
– Айына 3 мың тонна балдыр өндіретін мүмкіндігіміз бар. Оның артықшылығы көп, дәруменге бай болғандықтан, көптеген дәрі-дәрмекті алмастырады. Біз тәжірибе жасау мақсатымен бір мезгілде туған 60 бұзауды екіге бөлдік. Олардың жартысына күніне екі рет суға хлорелла қосып беріп отырдық. Нәтижесінде олар тәулігіне 100-120 грамм артық салмақ қосты. Жетістікке жеттік деп айтуға әлі ерте. Біз қазір, негізінен, тәжірибе жүргізіп жатырмыз. Электр қуатына, көлік тасымалына кететін шығынды, жұмысшылардың жалақысын есептегенде пайдасы аса көп емес. Сол себепті малға беру тәсілдерін өзгертіп көреміз. Тиімді жолдарын іздейміз, – дейді кәсіпкер.
Шаруашылық басшысының айтуынша, қыс мезгілінде балдыр өсіруден бас тартуға тура келген. Өйткені, электр қуатына көп қаржы кетеді екен. Ал көктемде күн жылынысымен Қазан қаласынан хлорелланың жаңа селекциясы жеткізілмек. Ірі қарадан басқа қой және жылқы өсіретін кәсіпкер бұл жолы жаңа азықты Шопан ата төліне беріп көрмек.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp