Бетін әжім торлаған қарт ананың әңгімесіне елітіп, қазақ әйелінің қайсарлығына тәнті болдым. Оның айтқанынан түйгенім, жастық шағы мен отбасын құрған алғашқы кезең тағдыр тәлкегіне толы болыпты.
– Мені өмірдің өзі ерте есейтті. Жар – жесір, бала жетім атанған сұрапыл соғыстан кейінгі уақытта туып, қиын шақтың зардабын тарттым. Ұл балалармен иық тіресе жанымды салып еңбек еттім, – дейді Ғалия Әскерқызы.
Ол – Мамлют ауданындағы Бике ауылының тумасы. Өз қатарластары сияқты еңбекке ерте араласыпты. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болған. Аяулы анасы мен асқар таудай әкесі өздері өмір кешкен дәуірдің әсерінен болар арнайы оқу оқымай, ауылда қалып қойған. Сондықтан да өз бауыр еті – балаларының тиісті білім алып, үлкен азамат болуын армандапты. Сол үшін де балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп тәрбиеледі. Әсіресе, қыр гүліндей құлпырған қызғалдақтарының ішінен ең үлкені Ғалияның болашағына үлкен үмітпен қарады. Жастайынан білімге құштар тұңғыштары ата-анасының сеніміне еш шүбә келтірген емес. Мұғалім боламын деген арманы тұлымшағы желбіреген жас қызды мектеп бітірісімен Целиноградтағы педагогикалық училищеге аттандырды. Сол кездегі оқу бітірген жастарды облыстың кадрлар жетіспейтін шалғай аудандарына жіберу дағдысы бойынша Ғалия Әскерқызы жолдамамен алғашқы еңбек жолын Мамлют ауданының Октябрь ауылында бастады. Туған ауданына оралып, жұрт қатарлы қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеу ісіне белсене араласты.
“Нағыз ұстаз болу бақыт әрі абырой ғой. Шындығында, мұғалімдік қызмет оңай көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. “Ұстазды алтын діңгекке теңер едім”, – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, шәкірт тәрбиелеу жолында қиыншылығы мен рақаты бір басқа жетерлік мамандыққа адал болуға тырыстым. Сол уақытта басқа ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін үйрету бір ғанибет еді”, – дейді ол. Ана тіліміздің тынысы ашылғанына Ғалия Әскерқызы да тілектес екенін жасырмады.
Ауыл ұстазының қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы оны өзгелерден ерекшелендірді. Қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығының арқасында ұжымға сыйлы болды. Облыс орталығына қоныс аударып, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда 15 жыл ұстаздық қызметін жалғастырды. “Бұлақ көрсең, көзін аш” демекші, қаншама дарынды жастардың өмір айдынына еркін қанат қағып, биікке самғауына жәрдемдесті.
Ол тұрмыс құрып, ана атанған өмірінің ең қызықты белесі жайлы да әңгімелеуден тартынбады. Жан-жолдасы Аманкелді Өскенбайұлы жайлы сұрағанымда ана жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті. Жұбайымен үлкен өмірге аяқ басып, әйел бақытына енді бөлене бастаған тұста мезгілсіз келген ажал оны қармағына іліктіріпті. Екі қыздың әкесі 25 жасында қаза батады. “Тағдырдың бұл сынағына төзбеуге қақым жоқ еді. Амал нешік, екі балапаныма ана да, әке де болуға бел буып, өмірімді жалғастырдым”, – деген нәзік жан жолдасының қазасынан кейін көпке дейін өз-өзіне келе алмаған. Ғалия апамыз кейін 31 жасында екінші рет тұрмыс құрып, Өміржан Зікірияұлымен шаңырақ құрады. Оның бірінші некеден екі ұлын бауырына басып, бала қызығын бірге көруге бел буады. Дүниеге Әйгерім есімді бүлдіршін келеді. Бірақ бұл махаббаттың да ғұмыры келте болады. 31 жасында жұбайы кенеттен жұмыс орнында көз жұмып, аяулы ана 5 перзентімен жалғыз қалады. Екі бірдей жары қара жерге еніп, өрімдей балаларымен жесір қалған әйел алдағы өмірде де түрлі қиындықтарды бастан өткеріпті. Алайда, бұл да қажырлы әйелдің сағын сындыра алмады. Қаншалықты ауыр болса да, Ғалия Өмірбекова тағдырдың сынына төтеп берді. Марқұмдарға дұға арнап, олар жайында балаларға жиі әңгімелеп, жұрт қатарлы өмір сүріп келеді. “Немерелеріме аталарының жақсы азамат болғандарын айтып, үлгі тұтып отырамын. Бір өкініштісі, екеуі де өрісінің кеңейгенін көре алмай кетті”, – дейді қарт ана.
Бүгінде үш қызы мен екі ұлы өмірден өз орындарын тапқан. Бір әулеттің мәуелі бәйтерегі 9 немере сүйіп, естеліктерді қағаз бетіне жазуға кіріскен. Ол “Ұстаз бақыты” атты кітап шығарып, жас ұстаздарға түрлі әдістемелік оқулықтар ұсынумен де айналысып келеді.
Балаларына жақсы тәрбие мен білім беріп, бар қиындыққа мойымай, сүйген жарларының орнын ойсыратпаған нәзік әйелдің қайсарлығын мойындамасқа лажымыз жоқ. Басына түскен ауыртпалықтың бәрін қайсарлықпен жеңе білді. Қатал тағдырға қарсы күресуінің өзі де Ғалия анамыздың жүрегінің батырлығын көрсетеді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Ғ.Өмірбекова немерелерімен.