«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШЕГЕ ШЫҒУҒА ҚОРҚАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылы радиолардың бірінен қаңғы­ған иттен қос бірдей бала жапа шеккенін естіп едім. Біріншісі – Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында болған оқиға. Мұнда алты жасар қызды иттер талап тастаған. Ең өкініштісі, қараусыз жүрген иттердің талауында қалған бүлдіршін сол жерде көз жұмды. Екінші оқиға Атырауда тіркелді. Ит тістелеп, бас-көзі жарақаттанған екі жастағы сәби ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Осындай қайғылы жайттың біздің “Береке” шағынауданында да орын алмасына кім кепіл?! Топтасып көше кезген иттер балалар түгіл, ересек адамдарға жол бермей, бүкіл аулаларды басып алды.

Жуырда қала шетінде орын алған бұл жағ­дай әлеуметтік желіде де жарияланды. Келіншек қызын қоршап алған иттерді бейнежазбаға түсіріп, осындай қауіпті жағдайлардың белең алғанын ашына жеткізген. Бүлдіршін мектептен үйге келе жатқанда алты бірдей итке тап болып, қатты қорқып қалған. Абырой болғанда, анасы келіп, баласын құтқарып қалды. Қала тұрғыны жеке парақшасында бұл мәселе жергілікті билік тарапынан қараусыз қалып жатқанын айтып, иттерді ату қажет екенін ашына жеткізіпті.
Расында да, біздің шағынауданның кез келген көшесіне шықсаң, қаңғыған иттер қаптап кеткен. Күл-қоқыс тастайтын жерге жиналып, барлық заттарды шашып тас­тайды. Ал қараусыз, лас ортада қоректен­ген жануар адамды қауып алса ше?! Олардың қала орталығына қатынайтын Әуезов кө­шесінің бойында зуылдаған көліктердің жолын кесіп, жүргізушілерді әбігерге салған кездері қаншама?! Тіпті, қазіргі уақытта немерелерімізді дүкенге, мектепке жалғыз жіберуге жүрексінетін болдық. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында үй жанында мұз қалашығы салынғанда қатты қуанған едік. Айналасы алаңқай жер болғандықтан, бұл маңға да иттер топпен жиналып, үрей ту­ғызды.
Осы мәселе бойынша жергілікті полиция қызметіне де, жеке ветериналық орталық­тарға да хабарластық. Бірақ нәтижесі шамалы. Мамандардың айтуынша, бұл проблема қала бойынша ушығып тұрған көрінеді. Өткен жылы 1800 жануар, соның ішінде 1100-ге жуық қаңғыбас ит ауланған екен. Ал тәртіп сақшылары мен тұрғындардан қалалық әкімдікке үйсіз-күйсіз жүрген иттер туралы 30-дан астам арыз келіп түскен. Ветеринарлар да біздің “Береке” сияқты қала шетіндегі шағынаудандарға аптасына жоқ дегенде 3-4 рет шақырту бойынша ит аулауға шығатындарын жоққа шығармайды.
Қаңғыбас иттердің мәселесін шешу үшін, ең алдымен, азаматтардың жауап­кершілігін арттыру керек деп есептеймін. Адамдар көбінесе сүйкімді күшіктерге қызығып немесе ұл-қыздарына ермек үшін үйіне асырауға алады да, олар өсіп үлкейгеннен кейін асырау мен бағуға қиналып, далаға жібере салады. Бұл адамгершілікке жатпайды. Ең сорақысы, адамдар енді қажетсіз деп тапқан жануарларды айдалаға, адам жүрмейтін жерге апарып тастайды. Ашыққан, тоңған ит пен мысық жер үйлерді, жылы ғимараттарды аралап, қоқыстарды ақтарып, азық іздей бастайды. Осы орайда үй жануарларын асырау талаптарын қатаңдату қажет пе деп ойлаймын. Оларды сыртқа тастағандарды қатаң жауапқа тарту керек. Ал бір күнде қожайынына керек болмай, далада қаңғып қалған иттің бәрін атып, көзін жою да тығырықтан шығар жол емес екені анық.
Сейітжан ОМАРОВ,
зейнеткер.
Жамбыл ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp