Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қоры жаңа әдебиеттермен толықты. Оқырмандарды түрлі жанрда жазылған тың туындылармен жақынырақ таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырылды.
Осы жолы кітапхана сөрелеріне бизнес, менеджмент, психология кітаптары, детектив жанрдағы 100-ден астам шығармалар қойылды. Мұндай көрмелер кітапханада тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарының кітап оқуға деген ықыласын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Жаңа кітаптармен танысуға келгендердің бірі – Мәдина Құдайбергенова. Ол – кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі. “Ұсынылған кітаптардың ішінде маған Владимир Высоцский туралы туынды ұнады. Оны үйге жаздырып алайын деп тұрмын. Менің ойымша, ол – орыс қаламгерлерінің ішіндегі ең мықтысы”, – деп ой бөлісті.
Шығармалар үш тілде ұсынылған. Мысалы, Голливуд жұлдызы Джеки Чанның кітабын тек ағылшын тілін білетін оқырмандар оқи алады. “Бұл кітап – әлем бойынша ең көп оқылатын туындылардың бірі. Джеки Чан өзінің өмірі, еңбек жолы, актерлік шеберлігі туралы жазған. Олег Рой, Стивен Кингтің де шытырман оқиғаға толы жауһар дүниелері әркімді ерекше әсерге бөлемек”, – дейді кітапхана қызметкері Елена Скакунова.
Мұнда төл тарихымыздан сыр шертетін кітаптар да баршылық. Қазақ батырлары, киелі жеріміз бен ұлы Абай туралы басылымдар көпшіліктің сұранысына ие болары анық. Бұлардың қатарына Виктор Зайберттің “Ботай” атты туындысын жатқызуға болады. Бұл кітапқа жергілікті ғалыммен бірге Ботай археологиялық экспедициясына қатысқан басқа да археологтардың еңбектері кірген.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.