2019 жылы облыста 155 мың көлік тіркелген. Былтырғы көрсеткіш одан сәл төмендеу: 128 мың көлік есепке алынған. Бұлардың бәрінің мемлекеттік нөмірлері бар. Бұдан бөлек, соңғы кездері ресейлік көліктердің күрт көбейгені байқалады. Олардың отандық мәліметтер базасына тіркелмегені тиісті органдарды алаңдатып отыр. Өңір жолдарындағы әр бесінші көлік ресейлік нөмірмен жүр. Мамандардың пікірлерінше, бұл облыстың экономикалық әлеуетіне кері әсер етпей қоймайды.
Әртүрлі маркалы ресейлік “темір тұлпарларды” тізгіндеп жүрген жергілікті тұрғындардың қай-қайсысымен сөйлессең де, алдымен бағасының қолжетімділігін алға тартады. Мәселен, аты-жөнін атамауды өтінген бір танысымыз көлігін осыдан екі жыл бұрын жаңартыпты. Қазақстандық “темір тұлпарға” ақшасы жетпегендіктен, таңдау амалсыздан көрші елге түскен. Қанша айтқанмен, намысты азамат қой, қайта тіркетіп, қазақстандық нөмір алған. Ал шетелдік нөмірлерді ауыстырмастан жүйткіп жүргендер қаншама? Оларға ешқандай дау айта алмайсың. Өйткені, ешқандай шектеу қойылмаған.
Петропавл қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекшісі Жанболат Батырбековтен білгеніміздей, 2019 жылы жеке тұлғалардан көлік салығы ретінде 800 миллион теңге түскен. Былтырғысы 430 миллион теңге ғана. “Неге?” деген сұрақ туады. Себебі шаhар бойынша 60 мың көліктен ғана салық жиналады. Ресейде тіркеуде тұрғандардан салық түспейді.
Жергілікті полиция қызметінің деректеріне қарағанда, шетелдік көліктер жиі ұрланады екен. 2020 жылы кузовтағы нөмірлері өзгертілген 7 автокөлік анықталған. Қылмыстық кодекстің 326-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалған.
Тәжірибелі экономист Азамат Баймағамбетовтің айтуынша, ресейлік “темір тұлпарлар” аймақтың көлік нарығын құлдыратуы мүмкін. Ол мынадай уәж келтіреді: Ресей Қазақстанның бірнеше аймағымен шектесетіндіктен, өте тиімді нарық көзі ретінде пайдаланып қалуға тырысады. Оның ақыры қосымша көлік салығынан қағылуға соқтырады. Алдын алу шаралары қолданылмаса, жағдай одан әрі күрделеніп кетуі ықтимал. Армениялық көліктер сияқты мәжбүрлі түрде тіркеуге алса, мәселе заматта шешілетінін айтады.
Облыс жұртшылығының бұл мәселеге қатысты пікірлері де әр қилы. Бірі отандық көлік паркінің жаңаруын қолдаса, екіншісі жағдай осылай жалғаса берсе, көлік нарығының дағдарысына соқтырады деп есептейді. Үшіншілері биліктің бұл мәселені тезірек шешуін қалайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.