Бір ғасырлық тарихы бар “Soltústik Qazaqstan” газетінің қабырғасында қазақ сөз өнерінің талай майталмандары қызмет етті. Мағжан, Смағұлдар салып кеткен сол сара жол әлі де жалғасып келеді. Журналист, ақын Нұрсайын Шәріптің де қарт басылымның қат-қабат беттерінде өзіндік қолтаңбасы бар. Жақында 70 жастың белесіне шыққан бұрынғы әріптесімізді редакцияға шақырып, азын-аулақ құрмет көрсетудің сәті түсті.
Нұрсайын Әбуұлы еңбек жолын өзі туып-өскен Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында мұғалімдіктен бастап, мектеп директорының орынбасары, Андреев ауылдық кеңесінің төрағасы, облыстық тіл комитетінің бас маманы қызметтерін атқарды. Жастайынан өлең-жырға әуес болып өскен оның кейінгі тағдыры журналистикамен тығыз байланысты. Қазіргі “Qyzyljar” телеарнасында 11 жыл, “Soltústik Qazaqstan” газетінде 9 жыл табысты еңбек етті. Газетте әлеумет және экономика бөлімдерінің редакторы болып, қоғамның өзекті тақырыптарына жүздеген мақала жазды. Зейнет жасына жетсе де қаламын тастамаған Нұрсайын Әбуұлы – қазіргі таңда “Qazaqstan dáýiri” республикалық газетінің облыстағы меншікті тілшісі.
“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов мерейтой иесін 70-ке толған туған күнімен құттықтап, өзінің ақ тілегін арнады. Аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарқын мінезімен ұжымға сыйлы болған қаламгердің адамгершілігі, еңбекқорлығы кейінгі жас буынға үлгі екенін жеткізді. Кездесуге қатысқан газет қызметкерлері де жүрек түбінен шыққан жылы сөздерін айтып, құттықтауларын жолдап жатты.
Нұрсайын Шәріп қарымды журналист қана емес, арқалы ақын екенін “Soltústik Qazaqstan” газетінің оқырмандары жақсы біледі. Себебі, жаңа жырлары басылым бетінде үзбей жарияланып тұрады. Мерейтой қарсаңында тұңғыш жинағы жарық көргенін де сүйіншілей жазған болатынбыз. Кездесу соңында автор “Жырлайды жүрек” деп аталатын сол жыр жинағын редакция қызметкерлеріне тарту етті.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.