Менің жасым 31-де, ауылдың қарапайым баласымын. Бір қызды қатты ұнаттым, ол мені жақсы мінезімен, әдептілігімен ессіз ғашық етті. Құлай сүйгенім соншалық, ол үшін кез келген қиындықты жеңуге дайын тұрдым. Бірақ бәрі мен ойлағандай сәтті болмады. Оқиғаны басынан бастап баяндайын.
Осыдан 5-6 жыл бұрын алматылық қызбен таныстым. Ол біздің өңірге демалуға келген. Онымен жиі кездесіп жүріп, бірте-бірте ұната бастадым. Кейін жақсы көріп кеттім. Оған бауыр басқаным соншалық, Алматыға кетерде қимай қоштастық. Кейін хат жазысып, бір-екі рет кездесіп, арада екі жыл өткенде үйленуге бел байладық.
Екі жақта да дүркіретіп той өтті. Той өткен соң әйелім Алматыда тұрайық дей бастады, ата-анамыз мұнымызға көнген жоқ. Зайыбым үйде жүргенде әрдайым өз қаласының жақсы жақтарын айтып, мені көндіруге көшті. “Онда тез өсіп, көтерілуге болады, екеуміздің, балаларымыздың болашағы үшін барайық”, – деп ақыры біз аттану үшін әке-шешеміздің рұқсатын алдық. Осылайша, екеуіміз Алматыға аттандық. Ол алғашында: “Екеуіміз ең бақытты жандар боламыз. Жақсы тұрмыс құрамыз. Ауыл жаққа шамамыз келсе, жылына екі рет келіп тұрамыз”, – деп көңілімді жұбатумен болды. Шынымен де, оңтүстік астанаға келген соң өміріміз жақсы арнаға бұрыла бастады. Бірақ бұл көпке созылған жоқ. Келіншегім құрбыларымен қыдыратынды шығарды. Мен көбіне жұмыстамын, ал ол қолы босай қалса, “ананың туған күні, ұжымда отырыс болады” деп сылтауратып, үнемі үйден кетіп қалатын. Той-томалаққа бірге барайық десем, “ол жерге тек қыздар шақырылған” деп мені ертпей, “көп кешікпей келемге” салатын болды. Бірақ мен де еркек емеспін бе, айтқанымды істеткім келді. Жарымды ондай отырыстарға жібермеуге тырыстым. Содан үйде ұрыс басталды. Уақыт өте ол маған дауыс көтеріп, сөгетінді шығарды. Жұмыстан соң қыдыруды одан сайын жиілетті.
Мен болсам Құдай қосқан жарымның бұл әрекетін түсіне алмадым. Ол, ең алдымен, менің жағдайымды ойлауы тиіс емес пе? Біз бірге болуға уәде бердік қой. Одан қалды әйелің қыдырымпаз деген сөз кімге жақсын? Кейде әйелімнің ерсі қылығына қатты ашуым келіп, жұдырық ала жүгіргім келіп тұрды. Анам: “Кім әйелін ұратын болса, кейін ол әдетке айналып кетеді”, – деп айтып отырушы еді. Сондықтан бәрімізге: “Мені сыйласаңдар, келіншектеріңе қол көтермеңдер”, – дейтін.
Осылай арада біраз уақыт өткенде нәрестелі болдық. Зайыбым енді баламен үйде отырып, жөнсіз жүруді қоятын шығар дедім. Ол бір жыл үйде отырды да, бала күтуші жалдап, ақша табу үшін қайта жұмысқа шығып кетті. Содан той-томалақ қууды тағы бастады. Бұған төзімім таусылып, ақыры бәрін тастап, ауылға кеттім. “Алматыда айлық аз, сол себепті ауылға қайта келдім”, – деп ата-анам мен бауырларымды алдап, жұмысқа орналастым. Бірақ арада көп уақыт өтпей, тәтті қылықтарымен қуантатын қызымды қатты сағына бастадым. Арада бес ай өткенде зайыбым өзі қоңырау шалып: “Сені сағындым, бұдан былай айтқаныңды екі етпеймін, сенімен бірге боламын”, – деп кешірім сұрады. Тіпті, анама да телефон соғып: “Әлібекті қайтарыңызшы, онда істеп жүрген жұмыс осы жақтан да табылады”, – депті. Қай ана баласына жамандық ойлайды дейсің. Ол да менің отбасыммен бірге болғанымды қалап, Алматыға баруға көндірді. Тағы да бір-екі ай жақсы өмір кештік, одан кейін баяғы әніне қайта басты. Қазір әйеліммен ұрысқан кезде ауылға баруға ұялып, Алматыдан пәтер жалдайтын болдым. Шынымды айтсам, отбасын ойламайтын әйелдің қылығынан қатты шаршадым. Кейде бәрін тастап, ажырасқым келеді. Бірақ үш жастағы періште қызымды қимаймын…
Әлібек ЖАНБЫРШИН.