Шетелдік азаматтардың Қазақстанның аумағында болу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Мұндай өзгерістерді Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуын және таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия енгізген болатын. Жол жүру құжаттарының, тұрақты тұруға ықтиярхаттың, Қазақстан Республикасы визаларының, елімізде уақытша болуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімдері өткен немесе өтіп бара жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың 2021 жылғы 5 маусымға дейін елден шығуына рұқсат етілді. Олар мемлекеттік шекарадан өткен кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Елде жүруіне заңды негіз болмаған жағдайда өз жерлеріне кетуі тиіс. Елде болу мерзімдері өтіп кеткенімен, ары қарай қалуға заңды негіз болған жағдайда, уақытша тұруға немесе қажетті санаттағы визаға рұқсатты ресімдеу үшін көші-қон қызметіне жүгіну қажет. Бұдан бөлек, отбасымен бірігу мақсатында елде болу құқығын ресімдейтін шетелдіктерге 2021 жылғы 5 маусымға дейін соттылығының бар-жоғы туралы анықтаманы ұсыну қажет емес. Қазақстанның аумағында бір жылдан астам уақыт болған еңбек ететін көшіп келушілер бастапқы еңбек патенттерін және елден шықпай уақытша болуға рұқсатты ресімдеуі қажет.
Талғат ӘБІЛОВ,
облыстық көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі.