«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ТАРАПҚА ДА ТИІМДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде 13 кәсіпорын өзіне қажет мамандарды даярлау үшін оқыту орталықтарын ашқан. Былтыр 543 адам сол оқу орталықтарында қайта даярлықтан өтті. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, палата, жергілікті атқарушы билік және кәсіпорындар арасында 6 жылдан бері дуалды білім беру бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде студенттер кейін өздері еңбек ететін кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл жұмыс берушіге да тиімді, өздеріне қажетті мамандарды даярлап алады, ал оларды оқытуға жұмсалатын шығын жергілікті бюджеттен өтеледі.

 
– 6 жылдың ішінде дуалды оқыту Жол картасына облыстан 260 кәсіпорын мен 22 колледж қосылды. Оқу орындарында 8 салаға қажет 27 мамандық бойынша жастар оқытылып, 32-сі бойынша біліктілігі арттырылады. 2778 студентті қамтыған 346 үш жақты келісім жасалды, – дейді кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұлов.
Жалпы, облыста орта арнаулы білім беретін 25 оқу орны бар. Оның төртеуі – жекеменшік. Олар: гуманитарлық-техникалық колледж, Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі, СҚО кәсіби дайындау және сервис колледжі, сондай-ақ, былтыр “Радуга” ЖШС-і жанынан ашылған инновациялық кәсіби дамыту колледжі. Соңғысы қажет мамандарды жұмыс орнында даярлау, білікті мамандарға деген қажеттілікті жою мақсатында құрылған.
Қазір өңірдегі барлық колледждерде 10724 адам білім алып жатыр. Олардың 8370-і мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Былтыр 4 мыңға жуық жас қанат қақты. Кәсіпкерлер палатасы жыл сайын бизнес субъектілері арасында сауалнама жүргізіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды анықтайды.
– 2021 жылға қажет мамандықтарды анықтау үшін 1703 жұмыс беруші сұралды. Еңбек нарығына мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін 3462 адам керек екен. Мемлекеттік тапсырысты беру үшін білім басқармасында 13 адамнан тұратын комиссия құрылған. Олардың 7-еуі – бизнес өкілдері. Яғни, мемлекеттің есебінен маман даярлауда кәсіпкерлердің, ертеңгі жұмыс берушілердің пікірі есепке алынады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Владимир Литвиненко.
Сұранысқа ие кадрларды даярлауда кәсіпорындар жанынан құрылған оқу орталықтарының көмегі көп. Бүгінде облыстағы 13 компания осы мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Олардың ішінде “Радуга” ЖШС-і, “Оқушылар және балалар киімінің тігін фабрикасы” ЖШС-і, “ПЗТМ” АҚ-ы бар. Былтыр осындай орталықтарда 525 адамды оқыту жоспарланса, іс жүзінде одан 543 маман өтті. Олардың 401-і жұмысқа орналасты.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp