«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМАНАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күн жұма. Қызылжардағы салынға­нына бір ғасыр болған көк мешіттен шығып келе жатқанбыз. Есік алдында үсті-басы алба-жұлба екі әйел отыр. Шаштары айлап тарақ көрмеген, күс-күс болған көйлектерінің мө­рін айыру қиын. Әрі-бері өткендерге көздерін сүзіп, алақан жаймайды, демек қайыршы емес. Бастары салбыраңқы. Онсыз да мына түрлерінен ұялып отыр-ау деген оймен жандарынан елемеген кейіп танытып өте бергенмін, біреуі білегімнен шап беріп ұстай алды. Жүрегім тас төбеме шықты. Қатты қорыққанда “бісмілләға” басамыз ғой. Ішімнен бірнеше рет қайталап үл­гердім.

– Мен сізді танимын. Біздің үйде болғансыз, – деді біреуі орысшалап. Кім? Қайда? Қашан? Бұл дүниеде адамның ойынан жүйрік ештеңе жоқ деген рас екен-ау. Өтірік айтпай-ақ қояйын, соңғы бірнеше жылдағы жолыққан адамдар, қонаққа барған үйлер, жұмыс барысындағы кездесулер көз алдым­нан зулап өтіп жатты.

– Мен Руслан Садықовтың әпкесімін. Боксшы Руслан ше?..

Танымадың ба дегендей бетіме бажырайып қарап тұр. Сол сәтте ғана сап етіп есіме түсті. Руслан. Иә. Бәрі кешегідей көз алдымда. 2017 жылдың көктемі болатын. Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан КСРО-ның чемпионы, бокстан осындай атаққа ие болған өңіріміздегі екі адамның біреуі Руслан Садықовтың үйін іздеп тауып, өзі психоневрологиялық диспансерде жатқандықтан жолыға алмай, анасымен сұхбаттасып, газетке “Чемпион” деген атаумен бір бет мақала бергенмін (“Soltústik Qazaqstan”, 20 сәуір 2017 жыл, №4).

Боксшының қилы тағдыры туралы жазғанымды оқып, бірнеше адам хабарласып, көмек қолын созатындарын айтқан. Отын алып берсек, электр жарығына қарызын жапсақ дегендер де болды. Шаршы алаңда бірге жаттыққандар және Русланның атақ-даңқы туралы білетін былғары қолғап ше­берлері ақша жинауға кіріскендерін хабарлап, мекенжайын сұрап алғанды. Жұмыс барысымен жүріп, бұл оқиғаның әрі қарай қалай өрбігенін қадағалай алмағанмын.

Русланның анасы Сәуле Омарқызының солып бара жатқан жалғыз жанарынан шыққан бір тамшы жасты көріп, көңілім босаған-ды. Баласы туралы иегі кемсеңдеп отырып әңгімелеп беріп еді. Руслан – егіздің сыңары. Алдында үш әпкесі бар. Сыңары жарық дүниемен ерте қоштасқан. Дене бітімі арықша келген, орта бойлы балақайдан сол кезде боксшы шығады десе ешкім сенбес еді. Бірақ теріскейге танымал бапкер Геннадий Сутулов оның болашағынан үлкен үміт күтті. Жасөспірімдер арасында­ғы ел чемпионатында жеңіске жете алмаса да, жолын тауып одақтық бәсекеге алып барды. Шәкірті сенімге селкеу түсірген жоқ. Жеңіс тұғырының биігінен қол бұлғады. КСРО чемпионы деген атақ бұған дейін сол­түстікте марқұм Камиль Сафинде ғана болатын. Русланнан кейін де ешкімге бұйырмады. Себебі, көп ұзамай одақ тарап тынды.

– Руслан өте шебер боксшы болды. 1992 жылы ересектер арасында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш чемпионаты өтті. Қателеспесем, сол жарыстан кейін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған Болат Жұмаділовке ғана жол берген еді. Руслан тоқсаныншы жылдардағы қиындыққа төтеп бере алмады. “Ащы суға” әуестенді, бастан алған соққылар да ізсіз кетпейді екен. Жүйкесі сыр бере бастады, көктем мен күзде ауруы қозып кететін, – деп еске алды бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Антон Лопатин.

Русланның, шынымен де, мықты боксшы болғанын анасы көзінің қарашығындай сақтап келген медальдарға қарап-ақ аңғару қиын емес. КСРО чемпионатына қатысқанын растайтын екі медаль бар, біреуінде жеңімпаз, екіншісінде үшінші орын иегері деп жазылған. Қай жарыста жеңімпаз болғанын жоғарыда жаздық, ал үшінші орын үшін берілген медальда КСРО деп жазылғанымен, ол еліміздің дербес ел ретінде өткізген алғашқы біріншілігінде берілуі мүмкін дегенді сол Антон Лопатин айтты. Себебі, жас мемлекет жаңа медаль шығарып үлгермеген. Бұлардан бөлек, Кубада, Моңғолияда, Ресейдің және Қазақстанның бірнеше қаласында өткен додаларда алған жүлделері де сақталған. Анасы ешкім ұрлап кетпесін деп жастығының астына тығып қояды екен. Жарықтық осыларды Руслан емделіп шығып, үйленген кезде балаларына көрсетемін деген арманына жете алмады…

– Анамыз, жарық дүниемен қош айтысты. Мүрдесі моргта. Алып ке­тейік десек, ақша жоқ, – дейді қыздары аянышты түрмен. Сұрастыра келе марқұм көз жұмған соң өлімінің себебін анықтау үшін медициналық сараптама жасалғанын білдім. Мәйітті дер кезінде алып кетпей, бірнеше күн моргта жатып қалған. Әр сағаты ақша. Қарыздары 12 мың теңге екен.

Тіріден де, өліден де ақша дәметкен бұл заманға не шара? Бірақ ренжігеннен пайда жоқ. Мешіттен шыққан таныс жігіттерге жағдайды түсіндірдім. Құдайға қараған азаматтар ғой. Лезде қажет қаржы жиналды. Артылғанын қабір қазушыларға және бетағаш пен қоршауға бердік. Жігіттердің бірі көлік тапты. Мешіт имамдары марқұмды мұсылман шартымен аттандыру үшін мәйіт жуатын әйелдерді шақыртып, өздері жаназасын шығарды. Осылайша, көптің көмегімен бұл өмірге батыл ұл әкелгенімен, бақытын көре алмай өткен батыр ананы ақтық сапарға жөнелттік. Бескөлдегі зиратқа жерленді.

Руслан Пресновкадағы жүйке ауруына шалдыққандарға арналған диспансерде. Енді ол жақтан ешқашан шықпауы да мүмкін. Журналист екенімді, сұхбаттасқым келетінін айтып бірнеше рет хабарлассам да, кездесуге мүмкіндік бермеді. Айтатындары – қоғам үшін қауіпті адам. Қыздардың сыйқы мынау. Тапқан-таянғандарын “ащы суға” айырбастауға асық. Үйлерінде жарық жоқ, жиһаздың денін отын ретінде пешке жаққан. Сәуле Омарқызы медальдарды неге жастығының астына жастанып жататынын енді түсінгендеймін. Балалары сатып жібере ме деп қорқады екен ғой жарықтық. Бар байлығы сол ғана. Олар жоғалса, Русланның бұған дейін жеткен жетістіктері де ұмыт қалмақ. Бұл өмірде алып империяның түкпір-түкпірінен жиналған кілең мықтыларды жеңіп, чемпион атанған петропавлдық боксшы болғанын ешкім есіне де алмауы мүмкін.

Бұған жол беруге болмайды. Зираттан шыққан бойда әпкелерін алып, Русланның үйіне қарай тарттым. Екі жыл бұрын өзім көргеннен көп ештеңе өзгере қоймапты. Қараңғы бөлмелер, шашылған киім, төрде жалғыз диван. Жастықтың астынан марқұмның түйіншегін алып шығып ішін ашсам, өзім көрген, суретке түсіріп алған медальдар көзіме оттай басылды. Паспорт, диплом, үйдің құжаттары және тағы басқа бір бума қағазды қалдырып, медальдарды аманат ретінде алып кеттім. Ондағы ойым – бокс мектебіне немесе мұражайға тапсыру. Тым болмаса біреу-міреу ілулі тұрған медальдарды көріп, кімдікі екен деген сұрақ туар. Ізденер, кім екенін анықтар. Осылайша бұл өмірде Рус­лан Садықов деген атақты боксшы болғанын, тағдырдың соқпағы ауыр тигенін біле жүрер.

Руслан Садықовтың әкесі Ми­нахмет қазіргі ЗИКСТО зауытында жұмыс істегендіктен, отбасы сол маңайдағы үйлердің бірінде тұрған. Нақтырақ Чайковский көшесіндегі 13-ші үй. Жанындағы “Авангард” (қазіргі атауы “Қарасай”) стадионының ішінде бокс залы бар. Маңайдағы балалар кешкісін сол жерден табылатын. Руслан да сонда жаттыққанын білдім. Алайда, медальдарды табыстайын деп барсам, мұнда бокс секциясы әлдеқашан жабылған екен. Сергей Киселев бастаған бапкерлер Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі ауызекі тілде “автоучкомбинат” атанып кеткен ғимараттағы шағын залда жаттығады. Жекеменшіктегі ғимарат. Ақылы секцияға келетін балалардан түскен тиын-тебеннен ай сайын ақысын төлейді. Төлемеген күні қуып шығуы ғажап емес. Сондықтан бұларға медальдарды берудің еш қисыны жоқ. Қожайын қуған күні қайда қалғанын тауып көр.

Чемпиондық атақ оңайлықпен келмейтінін, әрбір медаль маңдай тердің өтеуі екенін бірі түсінсе нағыз чемпион ғана түсінуі мүмкін. Тым болмаса қайда тапсыру керек екенін айтып, жол сілтер деген оймен кәсіпқой бокстан бұрынғы әлем чемпионы, қазіргі таңда облыстық балалар мен жасөспірімдер бокс мектебін басқаратын Жанат Жақияновқа жолықтым.

– Руслан Садықовты жақсы білемін, – деп бастады әңгімесін ол. – Егізім Азамат спорт-интернат қабырғасында чемпионның атында жарыс та өткізген. Өкінішке қарай, соңғы кезде сырқаттанып жүрді, соған қарамастан жарыстарды тамашалауға келетін. Көрін­бей кеткелі де көп болды. Ауруханада жатқанын сізден естіп отырмын.

Келгендегі негізгі мақсатым – чемпионның медальдарын бокс мектептері қажет етпесе мұражайға өткізу екенін айтып едім ол үзілді-кесілді қарсы болды. Себебі, өзі де кәсіпқой бокста ұтып алған белбеулерін музейде өткен көрмелердің біріне қоюға беріп, жоғалып кете жаздап, әзер қайтарып алған көрінеді. Айтуынша, ондағы көп жәдігердің арасында бұл медальдар көрінбей қалады, тіпті, жоғалып кетуі де ықтимал. Енді не істемек керек? Көп күттірмей жауабын да өзі айтты:

– Солтүстік Қазақстан облысы­нан шыққан атақты боксшылар аса көп емес қой. КСРО-ның спорт шеберлері қос қолдың саусағымен санарлық, ал одақ чемпиондары екеу ғана. Біреуі – мен басқарып отырған бокс мектебіне есімі берілген Камиль Сафин, ол КСРО халықтары спартакиадасында жеңімпаз болған, екіншісі – Руслан Садықов. Біздің мектепте Камиль Сафинге арналған арнайы бұрыш бар. Ол жерге атақты жерлесіміздің медальдары мен кубоктары, грамоталары мен суреттері қойылған. Сол бұрышта екі чемпионның медальдары қатар тұрса, несі айып? Маған қалдырып кетіңіз, ілетін орын табамыз, – деді сенімді үнмен.

Кейін Русланның бірнеше суретін үлкейтіп шығарып апарып бердім. Жақында Жанат хабарласып, медальдар келушілер назарына ұсынылғанын, жас боксшылар қызыға тамашалап жүргенін жеткізді. Қуанышымда шек болған жоқ. Былғары қолғап киіп, бокс залына алғаш кірген әрбір жеткін­шек көз алдында ілулі тұрған медальдарды көріп, Руслан Садықовтай болуға ұмтылса, чемпионның анасының тілегінің қабыл бол­ғаны емес пе?! Ал мен үшін мойныма алған аманаттың орындалғаны маңызды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp