«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨМЕГІ КӨП ҚОНДЫРҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық ауруханада жаңа цифрлық ангиограф іске қосылды. Бұл аппарат шұғыл рентгенхирургиялық қызметті атқарып, инсульт пен инфаркт кезінде күрделі оталарды жасауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы, мидағы тромбты анықтап, жоюда көмегі орасан. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осызаманғы жабдықтың жұмысымен танысып, дәрігерлермен тілдесті.

Осыған дейін кардиологиялық орталыққа қойылған ангиографтың көмегімен 1200-дей жоғары технологиялық ота жасалып, түрлі зерттеулер жүргізілген. Ал жаңа қондырғының мүмкіндігі бұрынғысынан әлдеқайда зор. Америкада құрастырылған ангиограф еліміз бойынша әзірге тек біздің өңірге ғана әкелініп отыр. Құны – 495 миллион теңге. Облыстық аурухананың хирург-рентгенологы Сергей Руцкий атап өткендей, аппарат инсультқа шалдыққан науқастарды емдеумен қатар гинекология, онкология сырқаттарын, ерлердің жыныстық ауруларын және хирургиялық патологияны анықтауда кеңінен қолданылады.
Заманауи ангиографиялық кешен денсаулық сақтау саласын жаңғырту және медициналық мекемелерді заманауи жабдықпен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында сатып алынған.
– Ангиографтың көмегімен мамандар тамырға және жүрекке ота жасауды бастады. Бүгінде облыста 3 ангиограф бар. 4-ші ангиограф жаңа салынып жатқан көпсалалы ауруханаға орнатылады. Әлемдік стандарттарға сәйкес 150 мың адамға 1 ангиограф жеткілікті, – деген облыс әкімі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру барысына тоқталды. Өткен жылы медициналық мекемелердегі қондырғыларды жаңартуға 12 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Осы күнге дейін ауруханалар заманауи МРТ, КТ, УДЗ, рентген және ангиографпен толыққан. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Атап айтқанда, цифрлы маммограф, екі компьютерлік томограф пен басқа да құрал-жабдықтар сатып алынбақ.
Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржыны ұлғайтудың арқасында ауруды анықтау және алдын алу бойынша да көрсеткіштер жақсара түскен. Мысалы, онкология бойынша өлім деңгейі – 13, инфаркт 10 пайызға төмендеді. Ал туберкулезбен ауырғандардың саны 36 пайызға азайған.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp