Облыс орталығында республикалық «QAZBILIM» орталығының бөлімшесі ашылып, алғашқы семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Филиалдың жетекшісі Оңғарбай Абсаттаровпен хабарласып, орталықтың атқаратын негізгі қызмет бағыттары жайлы айтып беруін өтінген едік.
– Орталықтың іргетасы елордада қаланып, білім жолындағы алғашқы қадамымызды бастаған болатынбыз. Петропавлды қосқанда, бөлімшелердің саны –он бір. Қазақтың әр баласын жан-жақты білімді, еліміздің толыққанды азаматы етіп шығаруға үлес қосу – басты мақсат болмақ. Мекенжайымыз – Нұрсұлтан Назарбаев көшесі 69 «А». Теріскейдегі филалдың ашылу салтанатына құрылтайшымыз Аятжан Ахметжанұлы арнайы қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді, –деген Оңғарбай Абсаттаров мотивациялық тренинг сабақтары жайына ойысты. Оның айтуынша, бағдарламалар ішінде жоғары сынып оқушыларына арналған «ҰБТ-да жақсы нәтижеге жетудің жеті жолы» атты жоба ерекше назар аудартады. Бұдан бөлек, 5 және 6 сынып оқушыларын Назарбаев зияткерлік мектебі және «Білім-инновация» лицейіне әзірлеудің көп сатылы оқуы қарастырылған. Алғашқы күні 5-6 сыныптар үшін, яғни Назарбаев зияткерлік мектебіне және 10-11 сынып түлектеріне арналған дайындық бағытындағы тегін деңгейлік тест жүргізілді. Осы күні тіркелушілерге 25 пайыз жеңілдік жасалды. Алда деңгейлік тестілеуге қатысушылар арасында 100, 50, 30, 20 пайыздық жеңілдікті сертификаттар ойнатылады.
Курстар, семинар-тренингтер ақылы әрі орын саны шектеулі болғандықтан, алдын ала тіркелу міндетті. Бұл орайда, «QAZBILIM» орталығы тарапынан жасалатын жеңілдіктер де аз емес екен. Мәселен, отбасында 4 бала болса – 5, 5 балаға – 10, «Күміс алқа» иегерінің баласына – 20, «Алтын» алқалыға– 30, мүгедек асыраушысы бар отбасыға 10 пайыз жеңілдік жасалады. Орталыққа 3 айға жазылса – 5, 6 айға – 10, 9 айға 20 пайыз жеңілдік бар. Сол сияқты «Алтын белгі» үміткерлеріне, олимпиада жеңімпаздарына да артықшылықтар беріледі.