«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМҒА МАЛДАН ЖҰҒАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бруцеллез – жұқпалы әрі созылмалы ауру. Ауыл шаруашылығы жануарлары бруцеллез­бен ауырған жағдайда іріңді, кейін фибринозды эндометрит, маститтің дамуы салдарынан қағанақтың кідіруі, аналық бездің және фаллопий жатыр түтігінің зақымдануы белгілері байқалады. Жыныс жолдарының зақымдануы малдың қысыр қалуына әкеліп соқтырады.

Бұл дертті адам жануардан жұқтыруы ықтимал. Сырқат белгісі бірден байқалмайды. Жұқпалы індет адамда 2-3 аптадан кейін пайда болады. Дертке шалдыққан адам өзін әлсіз сезініп, дене қызуы көтеріледі. Сондай-ақ, тәбеті төмендейді, терлеп, денесі қалтырайды. Кейін басы ауырып, ұйқысыздық пайда болады. Бруцеллез кезінде буындар ісінеді. Сондықтан дертті асқындырып алмау қажет. Ауру белгілері байқалса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.
Көбінесе бұл сырқатты адамдар қой мен ірі қарадан жұқтырады. Әсіресе, төрт түлік төлдейтін кезең қауіпті. Ауру малдарды күту, сою кезінде микроб ауыз, мұрын мен көздің шырышты қабықтары арқылы жұғады. Асқынған жағдайда тірек-қимыл аппараты, жүйке, несеп-жыныс және жүрек-қан тамырлары жүйесі зақымданады. Бруцеллезге шалдыққан төрт түліктен алынатын өнімдер де адам денсаулығына қауіп төндіреді. Әсіресе, ет, шикі сүт, қаймақ, кілегей, май және малдың жүні мен терісін қолданғанда абай болған жөн.
Мал ауырса карантин қағидаларын сақтаған жөн. Бұл талап сақталмаған жағдайда ол сау жануарларға жұғуы мүмкін. Қоздырғышты иттер, кеміргіштер, егеуқұйрықтар да әкелуі мүмкін. Бруцеллез індет ошақтарында бірнеше ай ішінде малдың 60 пайызынан астамына жұғуы мүмкін. Бірнеше жылдан кейін ауру асқынып, жаңадан әкелінген және бұрын ауырып жазылған жануарларға жұғады. Бруцеллездің пайда болуына мал басын ұстаудағы және өсірудегі ветеринариялық-санитариялық жағдайдың нашарлығы, қағанақ пен мал іш тастағанда түскен ұрықтың, қидың уақтылы жиналмауы, дезинфекциялау режімінің сақталмауы себеп болады.
Аурудың таралуына жол бермеу үшін жылына екі рет бруцеллезге диагностикалық тексеру жүргізіледі. Бруцеллез анықталған жағдайда мал иелері ветеринариялық іс-шаралар жүргізу тәртібіне сәйкес ауру жануарларды басқа малдан оқшаулап, күнтізбелік 15 күннен аспайтын мерзімде ет комбинаттарына немесе сою қосындарына өткізуге міндетті. Малды санитариялық союға өткізгеннен кейін ауру мал тұрған қораны ветеринариялық қыз­мет мамандары дезинфекциялау үшін қи мен жемшөптен тазарту қажет. Бруцеллез малды санитариялық союға өткізген кезде зертхана өкілдері ветеринариялық-санитариялық сараптама жасап, тұтас еттің ветеринариялық-санитариялық бағасын айқындайды.
Ветеринариялық-санитариялық бағалау қағидаларына сәйкес бруцеллез малдың (қой мен ешкіні қоспағанда) етінде патологанатомиялық өзгерістер болмаған кезде ет 12 сағат тұрғаннан кейін шектеусіз сатыла береді. Мал иелері осындай ветеринариялық-санитариялық сараптама актісінің негізінде бруцеллез малдың етін ішкі сауда нысандарында (дүкендер, базарлар) нарықтық баға бойынша сата алады.
Ірі қара мал, шошқа, түйе мен жылқы бруцеллез жұқтырса, етті пайдалану туралы сараптама актісін алған ет иелеріне жануарлардың және алынатын өнім мен шикізаттың құны өтелмейді. Демек, міндетті түрде зарарсыздандыруға және қайта өңдеуге жіберілетін етте патологанатомиялық өзгерістер болғанда ғана бруцеллез малдың құны өтеледі. Құны жануарлардан алынатын өнімнің бір килограмы үшін нарықтық бағаның 30 пайызы мөлшерінде жергілікті бюджет есебінен өтеледі, ал нарықтық құнының қалған бөлігін (70 пайыз) жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдеу жөніндегі ұйым төлейді. Бруцеллез – адам мен жануарға ортақ қауіпті ауру. Сондықтан бруцеллездің алдын алу ша­раларын сақтау қажеттігін ескертеміз. Оның алдын алу мақсатында жануарларды ветеринариялық қызмет мамандарына көрсетіп, аудандардағы және Петропавл қаласындағы ветеринариялық станцияларда тіркеу қажет. Мал төл тастаған, мерзімінен бұрын төлдеген, қағанақ кідірген жағдайда және бруцеллезге күдік тудыратын белгілер байқалған кезде мемлекеттік ветеринариялық қызметке хабарласу керек.
Наталья ТАРАКАНОВА,
облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp