Петропавлдық қоғам белсенділері Руслан Асаубаев пен Жансерік Қуанышев заманауи технологияны қолдана отырып, экологиялық тергеу жүргізді. Олар облыс орталығы маңындағы қоқыс полигондарының аумағы ұлғайып бара жатқанын айтады.
“Полигондар, экологиялық кодекс және қоғам” экологиялық жобасын жасаған белсенділердің айтуынша, Петропавлдың маңында тұрмыстық қалдықтар жиналатын екі полигон бар. Олар Қызылжар ауданының Шаховское ауылына апаратын жолда орналасқан. Алғашқысы – “Қызылжар Тазалық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің полигоны. Жобалық қуаты – 1488 мың тонна. 1996 жылдан бастап қоқыс қабылданатын бұл орын бүгіндері 77,2 пайызға толған. Жоспар бойынша ол 2024 жылы жабылуы керек. Ал жобалық қуаты 134,4 мың тонна болатын екінші полигонды 2007 жылы “Дорожник” ЖШС-і ашқан. Қазіргі таңда онда жиналған қалдықтардың мөлшері 52,9 пайызды құрайды.
Белсенділер атап өткендей, шаһарымыздың тұрғындарының саны ауылдардан қоныс аудару есебінен өсуде. 2014 жылы облыс орталығында 207 мың адам тұрса, қазір олардың саны 219 мыңнан асты. Осыған байланысты қалдықтардың мөлшері де артып келеді. Мәселен, 2002 жылдан бастап “Қызылжар Тазалық” ЖШС-і полигонының ауданы бірнеше есе өскен.
– Қаладағы контейнерлерден күніне – 120 тонна, жылына 44 мың тонна қалдық шығарылады. 2019 жылдан бастап экологиялық заңнама қоқыс полигондарына пластик, полиэтилен, макулатура және әйнек қабылдауға тыйым салды. Алайда, сұрыптау желілерінің жоқтығы салдарынан қоқыстар ретсіз төгілуде. Сонымен қатар полигондарда қалдықтарды бөлек жинау технологиясы сақталмайды. “Қызылжар Тазалық” ЖШС-і қалдықтарды дұрыс орналастыру үшін оқшаулағыш материалдарды сатып алуға ақша жетіспейді деп сендіреді. Санитарлық талаптарға сәйкес алаңда шұңқыр болуы шарт, одан алынған топырақпен тұрмыстық қалдықтар дер кезінде көмілуі керек. Тегіс полигондарда қоқыс жазда күн сайын, басқа мезгілде үш күнде бір көмілуі тиіс. Ал жергілікті полигондарда бұл шаралар сақталмайды. Салдарынан қоқыс өздігінен өртенуде. Мысалы, 2018 жылы полигонның 30 мың шаршы метрден асатын аумағында өрт болып, қала аспанын көк түтін торлады, – дейді белсенділер.
Облыс орталығында тұрғын үй секторындағы қоқыстарды сыртқа шығарумен 7 мердігер кәсіпорын айналысады. Атап айтқанда, “Коммунхоз Петропавловск”, “Коммун-Север”, “МюльСевер”, “Предприятие Спецавтотранспорта”, “Чистый Петропавловск”, “Коммунальник”, “Спецтранс” ЖШС-лерінің ешқайсысы қоқысты сұрыптамайды. Салдарынан адамдар үшін қолайсыз ахуал қалыптасып отыр. Жағымсыз иіс ауаға таралғандықтан, тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар азаяр емес.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.