Облыс орталығындағы №6637 әскери бөлімінде жауынгерлердің өз-өзіне қол жұмсауының алдын алуға арналған жиын өтті. Кездесу барысында Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығының әскери тергеу басқармасының қызметкерлері сарбаздарды суицидтен сақтандырды.
Аталмыш шара Қазақстан Қарулы Күштерінің жоспарына сәйкес жеке және отбасы шиеленістерін ескерту, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту және өз-өзіне қол жұмсау көріністеріне жол бермеу мақсатында ұйымдастырылды. Оған офицерлер, келісімшарт бойынша және мерзімді әскери міндетін өтеп жүрген сарбаздар қатысты.
Жиын барысында әскерилерге суицидтің аяусыз жаза екені түсіндірілді. Әскери-тергеу басқармасының өңірлік бөлімшесінің бастығы, майор Дархан Рымбековтың айтуынша, тығырыққа тірелген адам дұрыс жолды таба алмағандықтан, мұндай әрекетке барады екен.
– Адамдардың психологиялық дағдарысқа ұшырап, күйзелістің жетегінде кетуі өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқтырады. Бірақ суицид тығырықтан шығар жол емес. Сондықтан ой мен санада жүрген санмың күдіктен, жанды сыздатқан күрделі мәселелерден арылып, уақытша кезіккен қиындыққа бола өмірге балта шабуға болмайды, – дейді Дархан Рымбеков.
Әскери-тергеу басқармасы өкілінің айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласындағы №5510 әскери бөлімінде осындай қайғылы оқиғаның жолы кесілген. Әскери-тергеу органдары өз өмірін қиғысы келген сарбазға біреулер қысым көрсетуі мүмкіндігін тексерді. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша іс қозғалып, ол әскери полиция органдарына жіберілді.
Петропавл гарнизонында әскерилердің өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелмеген. Мұның барлығы жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалауға болады. Әскери бөлімнің психологтары өзіне деген сенімділікті арттырып, күйзелістен арылту, әскери ұжымның ауызбіршілігін нығайту бойынша тренингтер, эмпатияны дамытатын топтық сабақтар ұйымдастырып, тиісті мамандарды шақырып, кездесу, лекция-семинарлар өткізеді.
Бақыт СӘДУАҚАСОВ,
№6637 әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі.