«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛДЫҚ — БАСТЫ БАҒДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған республикалық “Adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің өткен жылғы жұмысы қорытындыланды. Министрліктер мен жергілікті әкімдіктердің өкілдері “Zoom” платформасы арқылы бейнебайланысқа шыққан жиынға біздің өңірден облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты.

“Adaldyq alańy” – қоғамның түйткілді мәселелерін шешуге бағытталған маңызды жоба. Атап айтқанда, тұрмыстық жемқорлықты жою, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, халыққа қызмет көрсету кезінде қолайлы жағдай туғызу сияқты мәселелер жобалық кеңсе өкілдерінің ұдайы назарында. Яғни, бүгіндері жобалық кеңселер мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының бірегей алаңына айналды. Бұл жөнінде агенттіктің парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы мәлімдеді.
– Бүгінгі таңда еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты ашықтық, айқындылық және қоғамға есеп беру қағидаларына негізделген. “Adaldyq alańy” жобалық кеңсесі аталған қағидаларды қолданудың және парасаттылықты толыққанды дамытудың қозғаушы күшіне айналды. Жобаның мызғымас бөлігі – оның жұмысына қоғам өкілдерінің тікелей қатысуында. Еліміздің 18 өңірінде “Antikor” орталықтары ашылды. Онда кез келген адам өзін мазалаған мәселелер бойынша құқықтық көмек пен кеңес ала алады. Жобалық кеңселердің басшылары облыс әкімдерінің штаттан тыс кеңесшілері болып тағайындалды. Өткен кезеңде барлық деңгейдегі 317 әкімдік жұртшылықпен жұмыстың сервистік моделіне көшіп, мемлекеттік мекемелердің 5 мыңнан астам жетекшісі кабинетін бірінші қабатқа ауыстырды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы цифрландырылды. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін жүз пайызға жеткізу көзделіп отыр, – деді Ғанижан Асанұлы.
Облысымыздағы сыбайлас жем­қорлық фактілерінің алдын алып, өзекті мәселелерді шешуде “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесі маңызды рөл атқаруда. Кеңсе жұмысы жайлы оның бөлім басшысы Сәлімхан Сәбитов айтып берді. Осы күнге дейін тұрғындардың игілігі үшін өңірімізде бірқатар жобалар қолға алынды. Мәселен, “Ашық бюджеттің интерактивті картасы” арқылы тұрғындар бөлінген қаржының қандай мақсатта және қалай жұмсалып жатқанынан хабардар бола алады. Ал мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бұл саладағы жемқорлықты айтарлықтай азайтуға септігін тигізіп, сәйкесінше қолжетімділік артты. Былтыр жергілікті әкімдіктердің мамандары электронды түрде көрсеткен мемлекеттік қызметтердің саны көбейді. Сонымен қатар жемқорлық мәселелеріне қатысты айтылған тұрғындардың шағымдары да ескерусіз қалмайды. Әлеуметтік желі арқылы өтініштер мен ұсыныстар еш кедергісіз қабылданады. Облыс әкімдігінің сайтында “Халықтық бақылау” жұмыс істейді. Талдаулар көрсеткендей, тұрғындарды үйлерді, олардың дәліздерін жөндеу, құрылыс жұмыстарының сапасы, алаңқайларды асфальттау сияқты мәселелер көбірек толғандырған.
Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын тиімді ұйымдастыруға ықпал еткені үшін “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің кураторы Ғани Нығыметовке агенттік төрағасының Алғыс хаты табысталды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp