«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛЫМЫЗ ҚАЙТА ТҮЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерке Есілдің жағалауында орна­ласқан Еңбек ауылында бүгінде 30 отбасы түтін түтетіп отыр. Ертерек­те елді мекенде шаңырақ саны едә­уір көп болатын.

 Жастар кешкі уа­қытта сауық-сайран құрып, мемле­кеттік мерекелерде концерт ұйым­дастыратын. Осыдан 5 жыл бұрын мектебіміз жабылып, одан соң ауыл­дағы жалғыз дүкен құрдымға кет­ті. Қазір Еңбек тұрғындарының дені – зейнет жасындағылар, жас­тар оқу қуып, жұмыс істеу үшін Пок­ровка, Явленка ауылдары мен Пет­ропавл қаласына қоныс аудар­ды. Екі-үш жылдан соң ауылдың жұрты ғана қалар деп ойлағанмын. Қуаны­шымызға орай, бәрі керісінше бол­ды. Ауылдың күйбің тіршілігіне қан жүгіріп, кей жастар қайтадан туған жерге оралды. «Бай Еңбек» шаруа қо­жалығының басшысы жұмысшы­лардың жалақысын арттырып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ескерткіш орнатты.
Жергілікті атқамінерлер бұрын істен шыққан құдықтарды тазартып, тіршілік көзі берілді. Қазір таза ауызсу әр үйге дейін тартылған. Қалалықтардан кем емес. Сондай-ақ, Покровка селолық округі әкімдігі бюджет қаржысына бір көшенің бойындағы бағаналарға жарық шамдарын ілді. Жергілікті билік өкіл­дері биыл бұл жұмыс жалғаса­тынын айтады. Енді бастауыш мек­теп қайтадан ашылса деген тілегіміз бар.


Маржан НЫҒМЕТҚЫЗЫ,
зейнеткер, Еңбек ауылының тұрғыны.
Есіл ауданы.

 

БАЯҒЫ ЖАРТАС – СОЛ ЖАРТАС


Мен Мамлют ауданындағы Қы­зыләскер ауылының тұрғынымын. Туған жерім үшін жүрегім ауырады. XXI ғасырда өмір сүріп жатсақ та, әлі күнге дейін интернеттің мүмкіндігін толық пайдалана алмай келеміз. Тіп­ті, Петропавл қаласындағы ағайын-туыстарымызбен хабарласу үшін шатырға немесе терезеге шығуға мәжбүрміз. Ауылдың орталық көше­сін­де ғана байланыс тәуір. Көрші Меңгесер ауылына барғанда көзіміз ашылады. Біз де заман ағымына ілес­кіміз келеді. Аудан әкімі бұл мә­селеден хабардар. Тұрғындар ал­дындағы есеп беру кездесулерінде талай рет көтерілген. Бірақ сауалы­мызға сырғытпа жауап беріледі. Баяғы жартас – сол жартас болып қала береді.
Бұдан бөлек, елді мекенде басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер жетерлік. Соңғы 30 жыл бойы жо­лы­мыз бір рет те жөндеу көрмеді. Мең­гесер ауылы мен Мамлютка қала­сын байланыстыратын тас жол осы­дан 1-2 жыл бұрын қалпына келті­рілсе, біздің жолға қиыршықтас та тө­селінбеді. Ауызсу мәселесі де шеші­мін табар емес. Биыл жергілікті би­лік бұл бағытта жұмыстар атқарыла­ты­нын айтты. Ертеңгі болашағымыз­ға сенеміз, айта-айта жауыр бол­ған мәселелердің шешімі табы­лады деп үміттенуден басқа амалымыз жоқ.


Марат СЕЙДАХМЕТОВ,
Қызыләскер ауылының тұрғыны.
Мамлют ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp