«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ — АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан – іс-қимыл кезеңі” Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгілерін ұсынып, бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру тиістілігін атап көрсеткені мәлім. “Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауы керек”, – деп ескерткен болатын. Демек, негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, түпкі нәтижесі.

“100 нақты қадам” Ұлт жоспарының бірінші бағытында да кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың нақты жолдары атап көрсетілген. Оның алғашқы қадамы мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғыртудан басталады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет және басқарудың тиімді құрылымын құру ісіндегі міндеттерді мінсіз іске асыру, ең алдымен, мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне тікелей байланысты. Сонда ғана мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастырып, нығайта аламыз.
Жалпы, мемлекеттік қызметші өз өкілеттіктерін тиімді қолдану үшін, бірінші кезекте, адалдық принциптерін басшылыққа алуы керек. Мемлекет игілігіне еңбек ету, бюджет қаржысын орынды жұмсау, заң талаптарымен жұмыс істеп, өмір сүру, кез келген орында, ортада, лауазымда, әділдіктің, қарапайымдылықтың, ұлық болсаң, кішік болудың үлгісін көрсету – елді тиімді басқару үшін мемлекеттік қызметшінің бойында болуы тиіс басты қасиеттер. Әрбір қызметші елдік мүддеге адал болғаны ләзім. Мәселен, мемлекет мүддесіне нұқсан келіп жатқанын немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттерін көрсе, дереу араласып, шаралар қолдануы тиіс. Жоғары моральдық жауапкершілікке ие, кәсіби білім болса, оны тәжірибеде қолдана білсе, ешқашан әділдіктің, адалдықтың ақ жолынан ауытқымайды. Белсенді өмірлік позициясын жоғалтпайды. Ең бастысы, мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмыс учаскесіндегі жауапкершілік жүгін сезіне біледі.
Мемлекеттік қызмет үшін беделдің функционалдық және мәртебелік маңызы зор. Ол – халықтың және мемлекет жүргізетін басқарушылық қызметтің тиімділігін бағалаудың және сенімділік деңгейінің басты көрсеткіштері. Мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыру атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байланысты болатыны сондықтан. Мемлекеттік қызметтің оң имиджіне ұсынылатын негізгі қағидалар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) көрініс тапқан. Онда: “Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне және моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды”, – деп нақты жазылған.
Облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Сейілхан Серікбаевтың мақаласының толық нұсқасын газетіміздің ертеңгі санынан оқи аласыздар.    

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp