Ерке Есілдің жағалауында орналасқан Еңбек ауылында бүгінде 30 отбасы түтін түтетіп отыр. Ертеректе елді мекенде шаңырақ саны едәуір көп болатын.
Жастар кешкі уақытта сауық-сайран құрып, мемлекеттік мерекелерде концерт ұйымдастыратын. Осыдан 5 жыл бұрын мектебіміз жабылып, одан соң ауылдағы жалғыз дүкен құрдымға кетті. Қазір Еңбек тұрғындарының дені – зейнет жасындағылар, жастар оқу қуып, жұмыс істеу үшін Покровка, Явленка ауылдары мен Петропавл қаласына қоныс аударды. Екі-үш жылдан соң ауылдың жұрты ғана қалар деп ойлағанмын. Қуанышымызға орай, бәрі керісінше болды. Ауылдың күйбің тіршілігіне қан жүгіріп, кей жастар қайтадан туған жерге оралды. «Бай Еңбек» шаруа қожалығының басшысы жұмысшылардың жалақысын арттырып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ескерткіш орнатты.
Жергілікті атқамінерлер бұрын істен шыққан құдықтарды тазартып, тіршілік көзі берілді. Қазір таза ауызсу әр үйге дейін тартылған. Қалалықтардан кем емес. Сондай-ақ, Покровка селолық округі әкімдігі бюджет қаржысына бір көшенің бойындағы бағаналарға жарық шамдарын ілді. Жергілікті билік өкілдері биыл бұл жұмыс жалғасатынын айтады. Енді бастауыш мектеп қайтадан ашылса деген тілегіміз бар.
Маржан НЫҒМЕТҚЫЗЫ,
зейнеткер, Еңбек ауылының тұрғыны.
Есіл ауданы.
БАЯҒЫ ЖАРТАС – СОЛ ЖАРТАС
Мен Мамлют ауданындағы Қызыләскер ауылының тұрғынымын. Туған жерім үшін жүрегім ауырады. XXI ғасырда өмір сүріп жатсақ та, әлі күнге дейін интернеттің мүмкіндігін толық пайдалана алмай келеміз. Тіпті, Петропавл қаласындағы ағайын-туыстарымызбен хабарласу үшін шатырға немесе терезеге шығуға мәжбүрміз. Ауылдың орталық көшесінде ғана байланыс тәуір. Көрші Меңгесер ауылына барғанда көзіміз ашылады. Біз де заман ағымына ілескіміз келеді. Аудан әкімі бұл мәселеден хабардар. Тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулерінде талай рет көтерілген. Бірақ сауалымызға сырғытпа жауап беріледі. Баяғы жартас – сол жартас болып қала береді.
Бұдан бөлек, елді мекенде басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер жетерлік. Соңғы 30 жыл бойы жолымыз бір рет те жөндеу көрмеді. Меңгесер ауылы мен Мамлютка қаласын байланыстыратын тас жол осыдан 1-2 жыл бұрын қалпына келтірілсе, біздің жолға қиыршықтас та төселінбеді. Ауызсу мәселесі де шешімін табар емес. Биыл жергілікті билік бұл бағытта жұмыстар атқарылатынын айтты. Ертеңгі болашағымызға сенеміз, айта-айта жауыр болған мәселелердің шешімі табылады деп үміттенуден басқа амалымыз жоқ.
Марат СЕЙДАХМЕТОВ,
Қызыләскер ауылының тұрғыны.
Мамлют ауданы.