«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҢЛАҚТАРДЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекет­тік бағдарламасы аясын­да бірқатар ауылдарда абаттандыру жұмыстары қолға алынып, спорттық-балалар алаңқайлары орнатылды. Жолдар жөнделіп, кө­шелер жарықтандырылды. Жаңарып, жаңғырған елді мекендердің бірі – Кирилловка. Мұнда мәдени-сауықтыру орталығын қалпына келтіруге қомақты қаржы жұмсалды.

Жарты ғасырдай бұрын бой көтерген Мәдениет үйінің ашылу салтанатына есімдері төрткүл дүниеге танымал күміс көмей әншілер Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова қатысқанын жергілікті газеттерде жарияланған мақалалар, мұражайда сақтаулы фотолар растайды. Содан бері мұнда күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Кирилловка ауылдық клубы ғимаратының құрылысы 1973 жылы басталып, 1974 жылы қолданысқа берілген. 914 шаршы метр аумақты алып жатыр. 160 орындық көрермендер залы бар. Облыстық бюджеттен бөлінген 45 млн. 911,7 мың теңгеге шатыр, терезелер мен есіктер қойылып, ағаш едендер керамогранитке ауыстырылды. Арбалы мүгедектерге арналған пандус орнатылды. 5,3 млн. теңгеге жиhаздар сатып алынды.
Алғаш рет күрделі жөндеуден өткен, өнер саңлақтарының ізі қалған ауылдағы мә­дениет ошағын аудан әкімі Дархан Әмрин арнайы барып көріп, ақсақалдармен, жастармен кездесті. Айыртау ауданының құр­метті азаматтары Армия Әбілқайыров, Елемес Қалиев, даңғайыр диқан Бурабай Жапаров, мәдениет саласының ардагері Нина Валковая өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Мәдени-сауықтыру орталығында би алаңы орналасқан. Спорттық тренажерлар мен екі теннис үстелі, шахмат пен дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті Самат Қуаныш пен Затогорка орта мектебінің 10-сынып оқушысы Есбол Жасұлан бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылданып жүр екен. Мәдениет ошағының адам танымастай өзгергеніне олар дән риза.
Көрермендер залы да, кітапхана да заманауи үлгіде жабдықталған. Көрсе, көз тояды. Кітапханашы Татьяна Настенкова 14 мыңға жуық оқулық қоры барын жеткізді.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.

Суретті түсірген
Екатерина ВОЛОШИНА.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp