«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛ АЙМАҚҚА ЕНДІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Коронавирус індетінің таралу көрсеткіші бойынша Солтүстік Қазақстан облысы қайтадан қызыл аймаққа өтті. Қаңтардың 21-нен өңірде бірқатар шектеу шаралары енгізілді.

Облыста қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 9633-ке жетті. Олардың төрт пайызы ауруды шетте жұқтырса, дені өңірімізде жүріп науқастанған. 5887 адам жұқпалы дерттің түрлі салдарын байқап, медициналық көмекке жүгінсе, ешбір сырқат белгілері жоқ 3746 адамның дерті ПТР тесті арқылы анықталған.
– Өткен аптамен салыстыратын болсақ, жеті күндегі өсім 36,5 пайызды құрап, науқастар саны 52-ден 71-ге дейін артты, – деп атап өтті онлайн бирифинг барысында Солтүстік Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әсет Жұматаев. Осыған байланысты қаңтардың 21-нен өңірде карантиндік шараларды күшейтуге тура келді. Негізгі шектеулер сенбі мен жексенбі күндеріне қатысты. Сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы таңертеңгі 10.00-ден кешкі 22.00-ге дейін жалғасады, ондағы тамақ өнімдерін сатуға арналған орындар, дәріханалар, сұлулық салондары, шаштараз, кинотеатрлардан басқасының жұмысы сенбі және жексенбі күндері тоқтатылады. Бұл шектеулер ауданы 500 шаршы метрден асатын азық-түліктік емес дүкендерге де қатысты. Жабық киім базарлары, азық-түлікке жатпайтын тауарлар сатылатын және құрылыс базарларының жұмыс уақыты 9.00-ден 20.00-ге дейін, демалыс күндері қызметтерін тоқтатады. Сенбі және жексенбі күнгі шектеулер фитнес, жаттығу залдары, бассейн, спорттық ғимараттар, сауналарға және моншаларды да қатысты.
– Алдағы сенбіден елді-мекендердің ішіндегі және облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің жүріп-тұруы да шектелмек. Тұрғындар тарапынан туындап жатқан наразылықты түсінеміз. Бірақ осы екі күннің өзі аурудың кең таралуына айтарлықтай бөгет болады. Тамақтану орындары сенбі күні қызмет көрсеткенімен, жұмыс уақыты кешкі 20.00-ге дейін қысқартылды. Бұрынғыдай тағамды жексенбі күні тұтынушыларға жеткізіп беру қызметін ұсынуға рұқсат етілген. Тойлар, жиындар өткізуге тыйым салынады, – деді Әсет Жұматаев.
Жұмысшылар санына қатысты да шектеулер бар. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор органдарының, ұлттық компаниялардың, басқа ұйымдардың жұмысшыларының кемінде 80 пайызы қашықтан істеуге көшуі тиіс. Ал штат саны 15 адамнан кем мекемелерде қызметкерлердің 50 пайызы үйден жұмыс істейді.
Барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулері қатаң талаптар мен осыған дейін белгіленген алгоритмдерді ескере отырып өткізілетін болады.
– Петропавл қаласы мен өзге де елді-мекендерге блокбекеттер орнату мәселесі әлі қаралып жатқан жоқ. Бұндай шешім жағдай ушығатын болса қабылданады. Науқастар санының артуына байланысты қазір басқа шектеу шараларын күшейтуге мәжбүрміз. Тұрғындар осыны ескеріп, сақтық шараларын қолданса, – деп ескертті бас санитарлық дәрігер.
Брифинг барысында Әсет Жұматаев қауіпті дертке шалдыққандардың арасында 50 жастан асқандардың, әсіресе зейнеткерлердің көбейгенін атап өтті. Осы күнге дейін алпысты еңсерген 2738 жерлесіміз КВИ жұқтырған. Бұл – барлық науқастардың 28 пайызына тең.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp