Павлодарда волейболдан ел біріншілігінің үшінші тур ойындары өз мәресіне жетті. Тур аясында жергілікті «Қуаныш» командасы жеті кездесу өткізіп, бесеуінде жеңіске жетті.
Қазақстан волейбол федерациясының бастамасымен осымен 29-шы рет ұйымдастырылып отырған додаға Ұлттық лига шеберлері қатысуда. Атап айтқанда, сайыс барысында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сегіз команда бақ сынауда. Бәсекенің үшінші турының алғашқы күні жерлес волейболшылар шығысқазақстандық «Алтай-2» командасының спортшыларымен сайысқа түсіп, жеңіске жетті. Бірақ екінші күні өскемендік «Алтай» құрамасынан ұтылды. Дегенмен, жылдам еңсесін тіктеген аруларымыз үшінші күні «Ару-Астана» командасын, одан кейін «Алматы» құрамасын қапы қалдырды. Жуырда жерлестеріміз «Қарағандыны» ұтса, «Жетісудан» жығылды. Ал соңғы ойында «Ертіс-Казхром» командасын сүріндірді. Жерлесіміз Анастасия Иванчуктың турдың үздік ойыншысы атанғанын айта кеткен жөн.
Өткен үш турдың нәтижесінде 41 ұпай жинаған жергілікті «Қуаныш» командасы турнир кестесінде 3-орында келеді.
Сурет: https://www.sport.ru/