Конькимен жүгіруден ұлттық құраманың мүшесі, жерлесіміз Роман Креч Нидерландының Херенвен қаласында өткен Әлем кубогының кезеңінде үздік үштікті түйіндеді.
Бұл – Романның ұзақ үзілістен кейінгі үлкен жарысы. Петропавлдық спортшы «В» тобында сынға түскен болатын. Роман сайыстың бірінші кезеңінде 1000 метр қашықтықты 1 минут 9 секундта бағындырып, кіші қола медальға қол жеткізді. Бұл сында польшалық Петр Мичальски жеңімпаз атанса, эстониялық Мартен Лиив екінші келді. Тағы екі қазақстандық жақсы нәтиже көрсетіп, үздік ондыққа ілікті. Олар – Демьян Гаврилов пен Александр Кленко. Қос отандасымыз 5-ші және 6-шы орындарға тұрақтады.
Бұған дейін әйелдер арасында 1000 метрге жарысудан «В» финалында сынға түскен Екатерина Айдова аталмыш қашықтықты 1 минут 15.750 секундта бағындырды. Сөйтіп, нәзік жан ел құрамасының қоржынына кіші алтын медаль салды. Ал 3000 метр қашықтықта сайысқан Екатерина Морозова 4:07.602 көрсеткішпен үшінші орынды місе тұтты.
Әлемдік доданың екінші кезеңі қаңтардың 29-ы күні жоспарланған. Үздіктер қатарынан көріне білген спортшылар Әлем чемпионатына жолдама алатынын атап айтқан жөн.
Сурет: https://coderlessons.com/