Қазақстандықтар баспана алып, денсаулықтарын жақсарту мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана бастады. Мұндай мүмкіндікке ел бойынша 760 мың тұрғын ие. Оның 11800-і солтүстік-қазақстандық. Бұл туралы “Отбасы банкі” АҚ-ы облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Өткен аптада www.enpf-otbasy.kz сайтында арнайы онлайн платформа іске қосылған болатын. Сол арқылы тиісті зейнетақы қорындағы төлемдерді иелену үшін қазақстандықтар қашықтан қажетті қызмет түріне жүгіне алды. Бұл, әсіресе, пандемия кезінде оңтайлы әдіс. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегіне сүйенсек, сайтқа біржолғы зейнетақы төлемдерін алу бойынша 50 мыңнан астам өтінім түскен. Бүгінгі таңда 22600 өтінім мақұлданды. Осылайша, бұл азаматтар арнайы есепшоттарына түскен қаражатқа көптен күткен баспаналарын сатып алу немесе тұрғын үй несиесін жабу, сондай-ақ, денсаулықтарын жақсарту мүмкіндігіне ие.
Бұл бағыттағы жұмысты жүзеге асыру үшін үш оператор белгіленген. Соның бірі – “Отбасы банк” тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы. Аталмыш қаржы институтының облыстық филиалындағы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Арман Сугралиннің айтуынша, 45 тәуліктің ішінде азамат қаражатты тиісті мақсатына сай қолдануы шарт. Егер түскен зейнетақының бір бөлігі осы аралықта игерілмеген жағдайда, қаржы қайтадан қорға аударылады.
– Қаражатты алу үшін азаматтың электронды қолтаңбасы болуы қажет. “ЖССБ24” мобильдік қосымшасын жүктеп, арнайы шот ашу керек. Шотты ашқаннан кейін порталға кіріп, өтінім бересіз. Бес күннің ішінде өтінім қаралып, жауап келеді. Қаражат жақын туыстарына берілген жағдайда өтініш берушінің арнайы шотынан алушының шотына үш жұмыс күнінің ішінде аударылады, – дейді Арман Сугралин.
Біржолғы зейнетақы төлемдерінің бір бөлігін жұбайының немесе жақын туыстарының баспана мәселесін шешуге жұмсай алатынын айттық. Заңнамаға сәйкес тиісті жеңілдік тек ел аумағында жүзеге асырылады. Бұл санатқа аға-іні, сіңлі-қарындас, балалары мен немерелері де кіреді. Бір атап өтерлігі, мемлекеттен тыс жерде баспана алу немесе шетелде денсаулықты жақсарту жағдайы қарастырылмаған. Арман Сугралиннің айтуынша, төлем тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жеті негізгі мақсатқа беріледі. Мәселен, ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу, ипотекасыз тұрғын үй сатып алу, “Отбасы банкте” тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу, ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарна ретінде, сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу, жеке тұрғын үй құрылысы (жер телімін сатып алуды қоса алғанда) және ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру мақсатында жаратуға рұқсат етіледі.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltústik Qazaqstan”.