“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының ғимаратында Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқанында белсенділік танытқан бірқатар азаматтар марапатталды. Олардың қатарында кандидатар, штаб өкілдері мен еріктілер, журналистер мен қоғам белсенділері және партия қызметкерлері бар.
Салтанатты шарада “Nur Otan” партиясының айқын басымдықпен жеңіске жетуіне қосқан зор үлесі үшін 30-дан астам белсендіге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты тапсырылды. Сондай-ақ, коронавирус індетімен күресте айрықша еңбегімен көзге түскен Еркебұлан Мәмбетов пен Алан Жуковтың кеудесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған “Халық алғысы” медалі тағылды.
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова еңбектері еленген азаматтарды құттықтай келіп, оларға ризашылығын білдірді. “Үгіт-насихат барысында біздің сенімді тұлғалар мен кандидаттар, сайлауалды штабтардың мүшелері ауқымды жұмыс атқарды. Олар 29 күн бойы тұрғындармен кездесіп, алдағы бес жылда жүзеге асырылатын өзгерістер туралы баяндады. Бүгін залда отырған белсенділер де “Nur Otan” партиясының айқын басымдықпен жеңіске жетуіне зор күш-жігерін жұмсады. Сайлауалды кезеңде кандидаттар мен олардың сенімді өкілдері 20 мыңнан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта да партиямыздың сайлауалды бағдарламаларын іске асыруда табандылық таныта беретіндеріңізге сенемін”, – деді Әсем Қалашбайқызы.
Біздің облыс бойынша “Nur Otan” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатына 800-ге жуық азамат ие болды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.