27 қаңтар күні бастау алған “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – мас жүргізушілерді анықтау және жолда жүру ережелеріні бұзушылықтың алдын алу.
“Chevrolet Niva” автокөлігін тізгіндеген Жамбыл ауданының 37 жастағы тұрғынын полицейлер аудан орталығы Пресновкада ұстаған. Жүргізушіден ішімдіктің иісі білініп тұрған. Медициналық куәландыру ер адамның мас болғанын растады.
Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды және аудандық сотқа жіберілді. Бап санкциясымен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу, сондай-ақ жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру көзделген. Соңғы бірнеше тәулікте жедел-профилактикалық іс-шара шеңберінде облыс жолдарында бес мас жүргізуші ұсталды. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов “Мас жүргізуші” операциясының алғашқы күнінде Жол қозғалысы ережелерінің 477 бұзушылығы анықталғанын атап өтті. Көлік басқару құқығынан айырылған 24 жүргізуші, жылдамдықты асырған – 28 және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – 13 жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін 70 жүргізуші, рөлде телефонды пайдаланғаны үшін 52 жүргізуші жауапқа тартылды.
– Басты міндет – автомобиль апаттарына және жаяу жүргіншілерді соғып кетуге, балалардың жол-көлік жарақаттануына жол бермеу. Қаңтардың 21-і мен 31-і аралығында “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасымен бірге “Қауіпсіз мектеп автобусы” акциясы өткізіледі, оқушылармен жол қозғалысы ережелері туралы, жолды кесіп өту, велосипедпен жүру ережелері туралы әңгіме жүргізілуде, – деді Айдын Байматов.
Жыл басынанбері облыс жолдарында 30-дан астам мас жүргізуші ұсталды. “Мас жүргізуші” операциясы 30 қаңтарға дейін жалғасады.
https://egemen.kz