Қызылжарлықтар жиі бас сұғатын облыс орталығындағы ботаникалық бақта мандарин ағашы рекордтық өнім берді.
Бақтың бас агрономы Равиль Рязаповтың айтуынша, биылғы қыста уылжып піскен мандариндердің саны 40-тан асып отыр. Бұл – соңғы 10 жылда бірінші рет байқалған қуантарлық құбылыс. Әдетте, бұл ағаш шамалы ғана өнім беретін. Мәселен, былтыр үш-ақ түйір жеміс алынған екен.
– Мұндай тамашаны көрмегелі қашан?! Ағаштың бұтақтары толған жеміс. Рекордтық өнім алдық десек те болады. Бірақ біз мандариндерді жинамаймыз деп шештік. Ағаш бұтақтарында жайқалған жемістер баққа келушілердің көз қуанышына айналары анық. Біздің жалғыз мақсат – кейінірек тұқымдарын жинап, мандарин санын көбейту, – дейді Равиль Хасанович.
Каламондин немесе цитрофортунелла деп аталатын бұл өсімдіктің отаны – Оңтүстік-Шығыс Азия. Агроном Равиль Рязапов оның бұтағын осыдан біраз жыл бұрын Ресейдің Санкт-Петербург қаласына жасаған экскурсиядан әкеліп, өңірімізде жерсіндіруге тәуекел еткен. Күтіп, баптау оңай шаруа болмаса да, барын салған. Осылайша, бүгінгі керемет нәтижеге қол жеткізіп отыр.
Бір ғасырлық тарихы бар ботаникалық бақта бүгінгі таңда тропикалық және субтропикалық жемісті өсімдіктердің 30-ға жуық түрі бар. Мысалы, мұнда кубалық лимон өседі. Отанында “пандероза” деп аталатын бұл жеміс те жақын күндері піседі деп күтілуде.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.