Облыстық полиция департаментінде жыл қорытындысына арналған онлайн кеңесте жедел-қызмет жұмысының нәтижесі талқыланды. Ведомство бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев биылғы жылы ішкі істер органдарының алдына қойылған міндеттерге тоқталды. Жедел кеңесте 2020 жылы атқарылған жұмыстар және полиция бөліністеріндегі тәртіптік шараның, заңдылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелері айтылды.
Баяндама жасаған облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасады. Құқықтық тәртіпті нығайту бойынша қабылданған шаралар өңірдегі жедел жағдайды бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Былтыр 4766 қылмыс тіркеліп, 2019 жылмен салыстырғанда 25 пайызға азайған. Полиция қызметінде қылмыстың алдын алуға, әсіресе, ауыр және аса ауыр түрлерін ашуға ерекше назар аударылған.
Ішкі істер органдары үшін биылғы жыл құқық бұзушылықтың алдын алу және “тұрғындарға жақын полиция” қағидатын қамтамасыз ету жылы деп жарияланды. Осы орайда полиция жүйесінің сапалық өзгеруі басымды міндет болып табылмақ. Адамдардың полиция қызметкерлеріне деген сенімі маңызды. Жұмысқа кәсіби тұрғыдан қарамаудың әр фактісі, полицейлердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері ішкі істер органдары қызметкерлерінің имиджіне кері әсер етеді.
– Қызметтік тәртіпті бұзғандарға ешқандай аяушылық болмайды. Бұл еліміздің басшылығының, министріміздің ұстанымы және менің тапсырмам. Мен сіздерге заң шеңберінде өзіміздің қатарымызды лайықсыз қызметкерлерден тазарту жөніндегі жұмысты жалғастыру үшін барлық өкілеттіктерді беремін, – деді Марат Төлебаев. Кеңeсте өздері жетекшілік ететін полиция бөліністерінің жұмысындағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген басшылардың есептері тыңдалды.
Облыстық полиция департаментінің жедел кеңесінде Марат Төлебаев жауынгерлік және практикалық атыстан өткен “Қара майор” төртінші республикалық турнирінде бірінші орын иеленген қызметкерлерге кубок пен грамоталарды табыстады.
Қазақстанда спорттың бұл түрі жаңа пайда болды. Осы уақытқа дейін жауынгерлік және практикалық оқ ату күш құрылымдарының қолданбалы спорт түрі болып келген еді. Бұл сайыстарға соңғы жылдары кәсіби спортшылар да қатысуда. Практикалық атыс барысында қозғалатын, шайқалатын, кенеттен пайда болатын нысаналарға автоматтан және тапаншадан оқ атып, бір орыннан екіншісіне ауысып отыру қажет. Полицейлер мен әскери қызметшілер үшін бұл кәсіби даярлықтың бір бөлігі болып саналады. Күш құрылымдары қызметкерлерінің арасында бірінші жалпыкомандалық орынды облыстық полиция департаментінің спортшылары иеленді. Жеке сынақта солтүстікқазақстандық полиция майоры Махамбет Мұрсәлімов топ жарды.
– Осындай тартысты сайыста биіктен көріну – көңілге қуаныш сыйлады. Аты аңызға айналған Борис Керімбаевтың құрметіне арналған сайысқа қатысудың өзі үлкен мәртебе. Жаулары оны “Панджшера королі” деп атаған, оның басына бір миллион доллар тіккен. “Қара майордың” өмірі мен қызметі талай қазақстандық жауынгерге рух беріп, шабыттандырып келеді. Аталмыш турнирге қатысып, бірінші орынға ие болғанымыз біз үшін үлкен абырой, – дейді Махамбет Мұрсәлімов.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық полиция департаменті
ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің жетекшісі.