Құрметті солтүстікқазақстандықтар!
Облыстың жергілікті атқарушы органдарының 2020 жылғы қызметі халықты толғандыратын әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыруға бағытталды.
Елбасының тапсырмасы бойынша 2018 жылы қабылданған облысымызды дамытудың кешенді жоспары табысты жүзеге асырылуда.
Жоспарды іске асырудың 3 жылы ішінде ЖӨӨ көлемі 34 пайызға (+378,5 млрд. теңге), инвестициялар – 50 пайызға (+ 93,5 млрд. теңге), өнеркәсіп өнімін өндіру – 14 пайызға (+ 33,3 млрд. теңге), ал ауыл шаруашылығы – 54,3 пайызға (+ 270,6 млрд. теңге) өсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Қазақстан Республикасы Үкіметі басшылығының қолдауымен облысты дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа жоспарының жобасы мақұлданды. Оны іске асыру облыс экономикасының дамуына айтарлықтай серпін бермек.
Жоспар аясында ауыл шаруашылығында 52 сүт фермасы, 8 бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы салынады, өнеркәсіпте 10 жаңа кәсіпорын пайда болады, ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесінің 35,3 пайызға дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарланған.
2020 жыл пандемия мен локдаундар жылы ретінде есте қалады. Пандемияға байланысты шектеу шаралары біздің әдеттегі өмір салтымызға ғана өзгеріс енгізіп қоймай, бүкіл әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер етті.
Карантиндік шаралар мен шектеулерді енгізумен байланысты жағдайдың күрделенгеніне қарамастан, біз экономикалық даму қарқынын сақтап қалдық. Жыл қорытындысында негізгі көрсеткіштердің өсу қарқыны бойынша облыс жетекші өңірлер тобына кіріп қана қоймай, орташа республикалық мәннен асып түсті.
Ауыл шаруашылығында өсім – 1 пайызды, өнеркәсіпте – 4,8 пайызды, инвестиция тартуда – 20,5 пайызды, құрылыста – 11,2 пайызды, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 22,4 пайызды құрады.
Қиын жағдайда біз экономиканың өсу қарқынын ұстап қана қоймай, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз еттік.
Экономикалық дамумен қатар қаржылық тұрақтылыққа да қол жеткізілді. Салық түсімдерінің өсуі 34,7 пайызға қамтамасыз етілді (2019 жылы – 39,9 млрд. теңге, 2020 жылы – 53,8 млрд. теңге).
Бұл ретте жергілікті бюджетке түсетін жеке кірістер 22,3 пайызға – 57,6 млрд. теңгеге дейін өсті. Зейнетақы қорына аударымдар 44 пайызға ұлғайып, 48,1 млрд. теңгеге жетті (2019 жылы 33,4 млрд. теңге). Мұның барлығы (2019 жылмен салыстырғанда) облыстың нақтыланған бюджетін 32 пайызға (245-тен 324 млрд. теңгеге дейін) ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2021 жылға арналған облыстық бюджет бекітілді. 2020 жылмен салыстырғанда ол 26 пайызға ұлғайып, 330 млрд. теңгеге жетті. Бұл ретте бюджеттің 50 пайыздан астамын әлеуметтік блок құрайды. Сол арқылы біз әлеуметтік бағдарланған бюджет бағытын сақтап қалдық.
Енді экономиканың нақты секторы жұмысының нәтижелері мен оның даму перспективаларына толығырақ тоқталайық.
Агроөнеркәсіп кешені
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 779 млрд. теңгеге жетті, бұл 2020 жылғы деңгейден 167 млрд. теңгеге артық. Осы көрсеткіш бойынша ел ауқымында біз екіншіміз, ал салаға инвестициялар тарту бойынша бұрынғы жылдардағыдай көшбасшылық орнымызды сақтап қалдық. Біз бұған агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандырудың арқасында қол жеткіздік.
Біздің диқандарымыз әдеттегідей астықтың төрттен бір бөлігін – шамамен 4,5 млн. тоннаны және бүкіл елдегі майлы дақылдардың үштен бір бөлігін жинады. Бұл – кездейсоқтық емес, заңдылық. Өңір диқандары ел бойынша минералды тыңайтқыштарды ең көп енгізді. Өткен жылы 135 мың тонна пайдаланылса, биылғы жылы 160 мың тонна деп жоспарлап отырмыз. Өсім –18,5 пайыз.
Техникалық қайта жарақтандыру жалғасуда. Өткен жылы фермерлер 2 мыңнан астам жаңа техника сатып алды. Биыл тағы да 44 млрд. теңгеге 2100 комбайн, трактор, егіс кешендері және басқа да агрегаттар сатып алынады.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы – тек астық өсіретін аймақ қана емес, дақылдарды өңдеу және еңбек өнімділігін арттыру арқылы қосымша құнды өсіруге тырысатын өңірлердің бірі.
“Биооперейшн” ЖШС-нің астықты терең өңдеу бойынша ірі жобасы қайта іске қосылды. Зауытты жаңғыртудың соңғы кезеңі аяқталды. Инвестициялардың жалпы сомасы 12 млрд. теңгені құрады. Енді кәсіпорын крахмал, глютен және балуызбен бірге биоэтанол шығарады. Өнімнің алғашқы партиясы Павлодар мұнай өңдеу зауыты үшін өндірілетін болады.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылы қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін жететін “Байрек” құрамажем зауыты іске қосылады.
Мал шаруашылығы саласын дамытудамыз. Тұрғындармен болған 2020 жылғы қорытынды есептік кездесуде 590 мың тонна сүт өндіруді және ет өндіру бойынша 5 пайыздық өсімді қамтамасыз етуді жоспарлағанымызды еске салғым келеді. Жыл қорытындысы бұл мақсаттардың толық іске асырылғанын көрсетеді. Сүт 598 мың тонна (өсім 5,5 пайыз) көлемінде өндірілді, ал ет бойынша 104 мың тонна көлеміндегі, яғни 7 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Мақсаттарға қол жеткізуге мал шаруашылығындағы ірі жобаларды іске асыру ықпал етті.
Өткен жылы жоспарланған 10 кешеннің орнына 11 заманауи сүт кешенінің құрылысы басталды, оның 5-еуі іске қосылды. Үстіміздегі жылы жалпы саны 4,7 мың басқа арналған тағы 10 заманауи сүт фермасының құрылысын бастау жоспарланған. Осылайша, биылғы жылы 16 ферманың құрылысы жүргізілетін болады.
Жалпы, тағы 21 ферманың іске қосылуы жыл сайын 51 мың тоннадан астам сүт өндіруге және 500 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді
Жыл сайын фермалар құрылысының қарқынын сақтап, арттыратын боламыз. Тауарлы сүт фермалары біздің өңдеу кәсіпорындарымызды шикізатпен қамтамасыз етеді.
Сүт өнімдерін өндіру тек ұлғаятын болады, тиісінше оны қайта өңдеу де артады. Бірінші кезекте бұл “Маслодел” және “Евразиан Милк” сүт зауыттарын 8,6 млрд. теңгеге жаңғырту есебінен мүмкін болмақ.
“Маслодел” өткен жылы ультрапастерленген сүтті өндіру және орау бойынша желіні іске қосты. Осы жылдың 1 тоқсанында қаймақ өндіру және орау басталады.
Осылайша, жаңа желілердің іске қосылуымен кәсіпорында шикізатты қайта өңдеу көлемі 37 пайызға (жылына 87-ден 119 мың тоннаға дейін) артады. “Маслодел” өнімінің ассортименті шамамен 70 атаудан тұрады, жаңа желі тағы 8 жаңа өнім түрін шығаруға мүмкіндік береді.
Ірімшік және сүт өндірісі бойынша “Евразиан Милк” ЖШС-де жабдықтарды монтаждау жалғасуда (Германиядан және Швейцариядан әкелінген). Жаңа желінің қуаттылығы – жылына 2,5 мың тоннаға дейін ірімшік шығаруға жетеді. Жаңа желінің іске қосылуымен кәсіпорын өңірді ірімшік өнімімен толық қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, Қызылжар ауданында 1000 басқа арналған ет бағытындағы ферма іске қосылды. Бұдан бөлек Уәлиханов және Ақжар аудандарында 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңының құрылысы жалғасуда. Шошқа кешені 50-ден 100 мың басқа дейін кеңеюде. Бройлер құс фабрикасының құрылысы бойынша жобаны әзірлей бастадық.
Жалпы, осындай жобаларды іске асырудың арқасында 2021 жылдың қорытындысы бойынша біз саладағы жалпы өнім көлемін 4 пайызға арттырып, 825 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Өнеркәсіп
2020 жылы шығарылған өнім көлемі 4,8 пайызға – 306 млрд. теңгеге дейін артты. Шектеу шараларына қарамастан, біздің зауыттар өндірісті тоқтатқан жоқ. Бірлесіп жүргізілген келісімдердің арқасында зауыттардың тапсырыс портфелін 2 есе – 25-тен 45 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды.
“ЗИКСТО” АҚ өндірістің өсуін 5 есе (15,3 млрд. теңгеге дейін), Киров атындағы зауыт – 11,6 пайызға (11,7 млрд. теңгеге дейін), “Поиск” ЖШС-і – 3,5 пайызға (1,1 млрд. теңгеге дейін), “Блок” – 20,6 пайызға (1,1 млрд. теңгеге дейін) қамтамасыз етті.
Өткен жылдың соңында біз “ЗИКСТО” зауытының “ҚТЖ” АҚ-дан 51 млрд. теңгеге тапсырыс алғанын жарияладық, бұл оны алдағы екі жылда жұмыспен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынға 25 млрд. теңге сомасында бірінші транш аударылды. Бұл машина жасау зауыттарының 2020 жылғы тапсырыстарының жалпы портфелінің 50 пайыздан астамын құрайды.
Машина жасаудың дәстүрлі өнімдерімен қатар, біз түбегейлі жаңа және қажетті бағыттарды игердік. Бұл – электронды өнеркәсіп. Өткен жылы тек Киров атындағы зауыт 54 мың дана компьютерлік техника құрастырды, оны біздің облыстың мекемелері ғана емес, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының ұйымдары да сатып алды.
Бүгінде біз өнеркәсіп өндірісінің көлемін еселеп ұлғайту арқылы оның өңір экономикасындағы үлесін арттыру міндетін қойып отырмыз. Ол үшін бізге жыл сайын өнім шығаруды 70-80 млрд. теңгеге арттыру қажет. Тек осылай ғана біз аграрлық-индустриялық экономикаға көшуді қамтамасыз ете аламыз.
Сондықтан үстіміздегі жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемін кемінде 5 пайыз өсіммен 350 млрд. теңгеге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бірінші кезекте, бұған перспективалы инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде қол жеткізуге болады.
Инвестициялар
2020 жылы “Северный фанерный комбинат” ЖШС-нің ламинатталған фанера өндірісі және “SMBGroup Family” ЖШС-нің полипропиленнен жасалған жұмсақ контейнерлер зауыты, сондай-ақ, “Радуга” ЖШС-нің көтерме-тарату орталығы іске қосылды.
Жалпы, жыл қорытындысы бойынша инвестициялар көлемі 20,5 пайызға – 281 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Бұл 2019 жылдың деңгейінен 47,2 млрд. теңгеге артық. Бұл ретте жеке инвестициялардың үлесі 75 пайыздан астамын құрады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында стратегиялық маңызды өндірістерді анықтау қажеттігін атап өтті. Сондықтан біз 2024 жылға дейін сомасы 900 млрд. теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын өңірлік пулды қалыптастырдық. Оларды іске асыру нәтижесінде 7 000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
“Кірпіш СК” ЖШС-і биыл кірпіш өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр, оның қуаттылығы тәулігіне 150 мың кірпішті құрайды және облыс қажеттілігінің үштен бірін жабады.
“MIX UNIVERSAL” ЖШС-і автоклавты газоблоктар мен плиталар өндіру бойынша зауытты іске қосады. Зауыт 65 мың текше метр өнім шығарып, жылына облыс қажеттілігінің 60 пайызға жуығын қамтамасыз етеді.
“Радуга” ЖШС-і жылына 5000 тонна қағаз өнімдерін шығару бойынша жобаны жүзеге асыруды жалғастырады.
“Cool Infinity” ЖШС-і вагон өндіру көлемін жылына 1200-ге дейін арттыруға кіріседі.
“SMBGroup Family” ЖШС-і үстіміздегі жылы крафтқағаз және вагон астарларын өндіру бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Қазіргі заманғы Датаорталықтың құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ, 2021 жылы сабаннан қағаз өнімдерін шығаратын зауыт салу (“ORKENDEU QAGAZ” ЖШС-і), ағаш-жаңқа жиһаз плиталарын өндіруді ұйымдастыру (“Сапа Инвест Плюс” ЖШС-і), көкөністер өсіру жөніндегі жылыжай кешені және басқа да жобаларды іске асыру жоспарланған. Бұдан басқа, “Qyzyljar” АЭА аумағында іске асырылатын үш жобаға қосымша, дәрілік препараттарды, сондай-ақ, қаптама және пигмент қағазын өндіруді жоспарлайтын жаңа қатысушыларды қосу пысықталуда.
Жалпы, биылғы жылдың соңына дейін біз 18 пайыз өсіммен кемінде 338 млрд. теңге инвестиция тартуымыз қажет.
Инфрақұрылымдық өзгерістер
2020 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 11,2 пайызға артты. Егер 2019 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 88 млрд. теңгені құраса, 2020 жылы 97 млрд. теңге болды.
Бірінші. Жолдарды жөндеу мен жол құрылысы. Сапалы жолдардың ұзындығы жыл сайын артып келеді. 2018 жылы – 675 шақырым, екі жыл бұрын – 705 шақырым, өткен жылы – 954 шақырым жол жөнделді. Бұл 3 жыл ішінде облыстың жол желісінің шамамен 30 пайызының жақсарғанын білдіреді.
Магистральды, сонымен қатар ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу, өкінішке қарай, қарқынды жүзеге асырылды деп айта алмаймыз. Сондықтан осы мақсаттарға 8 есе көп қаражат бөліп, 772 млн. теңгеден 5,8 млрд. теңгеге дейін көбейтуге қол жеткіздік.
2020 жылы 74 ауылдың жолдары жөнделді. Бұл жұмыс биыл да жалғасатын болады.
Нәтижесінде 125 мыңнан астам тұрғыны бар 160 елді мекен арасындағы көлік қатынасы жақсарады.
Екінші. Сумен жабдықтау. 2020 жылы ауызсумен қамтамасыз етуге 6,5 млрд. теңге бағытталды. Бұл жұмыстармен 76 елді мекен қамтылды, 335 шақырым сумен жабдықтау желілеріне жөндеу және қайта жаңғырту жүргізілді, 2,9 мың үй сумен жабдықтау жүйесіне қосылды.
Жалпы, ауыл тұрғындарының 82,1 пайызы сапалы ауызсуға қол жеткізе алады.
2021 жылы сумен қамтамасыз етуге 10,7 млрд. теңге қарастырылған, бұл өткен жылғыдан 1,6 есе көп.
Ауылдық жерлерде үйлерді сумен жабдықтау жүйесіне қосу бойынша жұмыс жалғасады. Үстіміздегі жылы мұндай мүмкіндікті 3 мыңнан астам отбасы (үй) алады. Жалпы, жыл соңына қарай ауыл тұрғындарының сапалы ауызсуға қол жеткізу көрсеткішін 83,5 пайызға дейін қамтамасыз етеміз.
Үшінші. Тұрғын үй құрылысы. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 306 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3407-ден астам пәтер пайдалануға берілді. Бюджет есебінен 8 жалгерлік-коммуналдық тұрғын үй және 6 кредиттік көппәтерлі үйлер пайдалануға берілді. Жеке құрылыс салушылар есебінен 10 үй іске қосылды.
Тұрғын үй облыс орталығында ғана емес, ауылдық жерлерде де пайдалануға берілді. Өткен жылы бюджет есебінен ауылдық жерлерде 609 үй салынды.
2021 жылы ауылда тағы 714 үй салу жоспарланған.
2021 жылы 5 жалгерлік-коммуналдық және 18 несиелік тұрғын үйлердің құрылысына бюджеттен 15,6 млрд. теңге бөлінді (16 үйге – құрылысты аяқтауға, 2 үйге – құрылысты бастауға).
Осылайша, 2021 жылы 340 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3500-ден астам пәтер салуды жоспарлап отырмыз, бұл 2018 жылдың көрсеткішінен 1,7 есе артық.
Әлеуметтік сала
Білім беру. Білім беру саласын қаржыландыру көлемі 9 млрд. теңгеден астам сомаға ұлғайды. Бүгінде ол 95,6 млрд. теңгені құрайды (2020 жылы – 86,7 млрд. теңге).
Соңғы екі жылда 10 млрд. теңгеге 249 нысанды жөндегенімізді сіздер жақсы білесіздер. Бұл – біздің өңірдегі мектептердің 50 пайызы. Биыл бұл мектептерді жөндеуге тағы 2 млрд. теңге жұмсаймыз.
Соңғы үш жылда біз мектеп контингентінің 2,5 мыңға артқанын байқап отырмыз. Сондықтан биылғы жылы біз Тайынша ауданында 720 орындық екі мектептің құрылысын бастаймыз және Петропавлда 900 орындық мектептің құрылысын аяқтаймыз.
2020 жылы біз барлық білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйесімен жабдықтадық, 400 млн. теңгеден астам сомаға мектеп автопаркін жаңарттық. Үстіміздегі жылы 400 млн. теңгеден астам сомаға қосымша тағы 18 автокөлік, мектеп жиһазын, спорттық құрал-жабдықтар сатып аламыз.
Материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін 5 ауылдық колледжге 1,4 млрд. теңге бағыттаймыз.
Құрылысы өткен жылы басталған университеттің 2 жатақханасына қосымша колледждер үшін 574 орындық үш жатақхананың құрылысын бастаймыз. Оған 2,2 млрд. теңге қарастырылған.
Денсаулық сақтау. Өткен жылы біз денсаулық сақтау саласындағы материалдық-техникалық базаны 12,5 млрд. теңгеге жаңарттық. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласына үстіміздегі жылы да қомақты қаражат бағытталатын болады.
Өңірде алғаш рет жоғары технологиялық және пандемия жағдайына қажетті жабдықтар сатып алынды. Облыстық ауруханаға 11 жыл жұмыс істеген құрылғының орнына жаңа магнитті-резонансты томограф сатып алынды, оны іске қосу кезекті азайтты.
Кардиоорталықта инфаркт, инсульт диагностикасын жақсартатын сандық ангиограф орнатылған, соның көмегімен күрделі оталар жасалуда.
Екі компьютерлік томограф сатып алу кезекті азайтуға, сондай-ақ, тыныс алу органдарының ауруларын анықтауды 8 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте Тайынша аудандық ауруханасында аппарат орнатудың арқасында, көрші облыстарға бармай-ақ, үш ауданның тұрғындары диагностикамен қамтылды.
Онкологиялық диспансерге, сондай-ақ, Ақжар, Жамбыл, Тимирязев және Уәлиханов аудандық ауруханаларына цифрлық маммографтар сатып алынды, бұл сүт безі обырын анықтауды 6 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.
Сараптамалық кластағы УДЗ аппараттарын сатып алу құрсақ қуысы ағзаларының сырқатын анықтауды 5 пайызға, кіші жамбас ағзаларының қатерлі ісіктерін анықтауды 3 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.
Қысқа мерзімде 200 төсектік модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Қазіргі заманғы жабдықтар қойылған 38 жаңа реанимобиль сатып алу арқылы “Жедел жәрдем” автомобильдерімен қамтамасыз ету 100 пайызға дейін жеткізілді.
2020 жылы облыс аудандарына УДЗ модульдік зертханаларымен және рентген-аппараттарымен, белгілі мамандардың кабинеттерімен жабдықталған 8 заманауи жылжымалы медициналық кешен берілді. Нәтижесінде, сапалы медициналық көмек ең шалғай ауылдардың тұрғындарына да қолжетімді болды.
Денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың ұлғаюы саладағы жағдайдың жақсаруына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мысалы, онкология бойынша өлім-жітім 13 пайызға (106,7-ден 92,8-ге дейін), инфаркт бойынша – 10 пайызға (64-тен 57-ге дейін) төмендеді.
Үстіміздегі жылы “Береке” шағынауданында бір мезетте 250 адам қабылдайтын емхана құрылысы аяқталады және “Жас өркен” шағынауданында сондай нысанның құрылысы басталады, бұл дамып келе жатқан шағынаудандардың тұрғындарына медициналық қызметтердің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Мәдениет. 2020 жылы жөндеу жұмыстарымен 32 нысан қамтылып, қаржыландыру 40 пайызға ұлғайтылды. 2021 жылы біз ауылдағы тағы да бірқатар мәдениет нысандарын жөндейміз. Қайта жаңғыртылған Н.Погодин атындағы театр өз есігін қайта ашты. Қала орталығында жаңа заманауи “Ботай” көркем галереясы пайда болады. Жазда “Қызылжар Арт орталығы” жаяу жүргіншілер арбаты жұмыс істей бастайды. ХІХ ғасырдағы ислам мәдениеті мұражайын қайта құру жұмыстары басталады, облыстық филармония жаңа келбетке ие болады.
Спорт. 2020 жылы спорт нысандарын жөндеуге 2019 жылға қарағанда 2 есе көп қаражат жұмсалды. Тайынша қаласында ДСК және Новоишимка және Мамлюткада жабық хоккей корттары пайдалануға берілді. 2021 жылы саланы қаржыландыру 11,5 пайызға – 6,8 млрд. теңгеге дейін (2020 ж. 6,1 млрд. тг.) ұлғайтылды.
Жалпы сомасы 5,1 млрд. теңге қаражатқа 14 нысан салу жоспарлануда (Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылындағы мектеп-интернат-колледж жатақханасының, стадионның құрылысы, Петропавл қаласындағы Спорт сарайына қосымша ғимарат, Петропавл қаласына, Мамлют ауданындағы Мамлют қаласына, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылына, Тимирязев ауданындағы Тимирязево ауылына 4 ДСК, Жамбыл, Тайынша, Айыртау, Аққайың, Уәлиханов, Ақжар, Шал ақын аудандарында 7 жабық хоккей корты).
Тұтастай алғанда, белгіленген барлық жоспарлар 2021 жылы 13,7 мың жұмыс орнын, соның ішінде 12 мың жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етуге тиіс.
Биылғы жылға одан да маңызды және жауапты міндеттер қойылып отыр.
2021 жыл еліміздің дамуындағы маңызды кезең – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Біз мерейтойлық датаны Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік және экономикалық жетістіктерімен атап өтетінімізге сенімдімін.