Қырғыз тарапының бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті.
Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінің сәтті өткенін атап өтіп, Садыр Жапаровты Қырғыз Республикасының Президенті болып сайлануымен тағы бір мәрте құттықтап, бауырлас қырғыз халқының өркендеуі мен игілігі жолындағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Тараптар достыққа, тату көршілікке және стратегиялық әріптестікке құрылған қазақ-қырғыз қатынастарының беріктігін нақтылап, екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру мақсатында бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын екендерін растады.
Садыр Жапаров Қазақстан Президентінің ізгі тілегіне алғыс айтып, қызметке кірісуіне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хат жібергені үшін ризашылығын білдірді.
Әңгімелесу барысында алдағы уақыттағы жоғары деңгейдегі кездесулердің кестесі, оның ішінде, қырғыз көшбасшысының Қазақстанға сапары талқыланды.
http://www.akorda.kz/