Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысы өтті.
Жиында Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу, Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы, сондай-ақ, Жедел реформалар пакеті және ұлттық халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды.
Кеңесте Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңес мүшелерінің баяндамалары мен пікірлерін тыңдаған Президент көтерілген мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталып, оларды іске асырудың нақты тетіктері туралы өз ойымен бөлісті.
Мемлекеттік жоспарлаудың жаңартылған жүйесінің бағдарламалық құжаттары мейілінше икемді болуға, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын арттыруға, мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларына қойылған міндеттерді орындау үшін тікелей жауапкершілігін айқын бекітуге тиіс.
Әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің қатарына кіру мақсатында елімізді одан әрі дамытудың негізгі үш бағыты, атап айтқанда, институттардың сапасын жетілдіру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мықты экономика құру ұсынылды.
Ортамерзімді перспективаға арналған міндеттерді айқындайтын негізгі құжат ретінде еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары белгіленді. Құжатта аса маңызды салаларды дамыту бойынша пайымдар, негізгі саясатты жетілдіру жөніндегі басты бағдарлар көрініс табады.
Ұлттық жобалар қызмет түрлері мен салалардың түйткілді мәселелерін шешуге бағытталады. Жобалар белгілі бір кезеңде нақты нәтижеге қол жеткізуі және ол толықтай қаржыландырылуы керек.
Қазіргі уақытта цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлік, бәсекелестік, қоршаған ортаны қорғау және басқа да бірқатар жобаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Олар биылғы 1 шілдеге дейін дайындалып, бекітілуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев нақты салаға қатысты мәселелерді талқылауға маманданған сарапшыларды тарту, ал қоғамда қызу талқыланған тақырыптар бойынша белсенді азаматтарды кең ауқымда жұмылдыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Үкімет ұсынған Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының жобасы 12 стратегиялық бағыттан тұрады. Олар институционалдық, экономикалық және әлеуметтік болып үш салаға бөлінген.
Даму жоспары бойынша 2025 жылға қарай өсім деңгейі 5 пайызға артып, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға дейін, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін, шикізаттық емес экспортты 2 есеге, яғни, 41 миллиард теңгеге дейін, еңбек өнімділігін 45 пайызға ұлғайту негізгі көрсеткіш болмақ.
Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен сапасын арттыру жөніндегі шаралардың нәтижесінде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғаюы тиіс.
Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі деңгейін, атап айтқанда, оқушылардың білім көрсеткіштері, цифрлық бәсекеге қабілеттілік, заң үстемдігі индекстері бойынша жақсарту жоспарлануда.
Аталған құжатқа қатысты пікір білдірген Президент Ұлттық жоспар бүгінгі жаһандық үрдістерді ескере отырып, ел дамуының негізгі бағдарлары мен цифрлық параметрлерін қалыптастыратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің ортамерзімді перспективадағы дамуы аталған реформалардың сапалы іске асырылуына тікелей байланысты болмақ.
Стратегиялық көрсеткіштердің егжей-тегжейлі картасы – Ұлттық жоспардың ажырамас бөлігі. Соған сәйкес әрбір мемлекеттік органға және ірі квазимемлекеттік ұйымға белгіленген кезеңде қол жеткізуге тиіс нақты көрсеткіштердің тізбесі бекітіледі. Көрсеткіштердің нәтижесі ақиқаттан алыс болмауы керек. Дегенмен оңай қол жететін және ынталандырмайтын индикаторларды мақсат етуге болмайды.
– Біздің басты мақсатымыз – бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру және әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына кіру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық даму жоспарының аясында ұсынылған реформалардың көбісі Кәсіпкерлік, Бюджеттік және Салық кодексі сияқты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді қажет ететінін ескере отырып, Мемлекет басшысы Үкіметтің Парламентпен конструктивті жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
– Депутаттық корпус Ұлттық жоспардың табысты жүзеге асуы үшін барлық қажетті заңнамалық базаны қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент.
Бұдан кейін жиында Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы қарастырылды.
Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы әкімшілік-бақылауға бағытталған әдістен адам мен оның игілігі басты құндылықтар саналатын мемлекет пен халықтың өзара ықпалдастық моделіне көшуді қамтамасыз етеді.
Осы құжаттың аясында мемлекеттік аппараттың кәсібилігін жетілдіруге, оның қоғам алдындағы есептілігіне, реттеушілік саясатты ілгерілету мәселелеріне, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруға, жергілікті басқару ісін дамытуға және т.б жол ашылады.
Жалпы, Тұжырымдамада қамтылған шаралар мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және оның ашықтығына ықпал етеді. Бұл мемлекеттік басқару институтына деген сенім деңгейін көтереді.
Тұжырымдаманың негізгі ережелері 2025 жылға дейін іске асырылуы тиіс. Ал оның негізгі қағидалары биыл орындалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжат қоғам талабына сай келеді және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды әрі маңызды өзгерістерді қамтиды деп санайды. Осыған орай Президент Үкіметке тиісті ресурстарды бөле отырып, егжей-тегжейлі сараланған Іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы ұсынылды.
Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес, толықтай немесе жартылай жеке бәсекелестік секторға өтетін ұйымдардың саны 176-дан 736-ға дейін ұлғайды.
Бәсекелестік ортаға 5 триллион теңге көлеміндегі активтердің берілуі мемлекеттің экономикаға араласуын 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Осыған орай стратегиялық инвесторлар тартылып, шағын және орта бизнестің жекешелендірілетін компаниялардың қызметіне қолжетімділігі сақталады және кеңейеді.
Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту жұмыстары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге егжей-тегжейлі тоқталды.
Президент алдыңғы жекешелендіру кезіндегі нысандардың басым бөлігі біршама кейінге шегерілген немесе мүлде алынып тасталған тәжірибені еске салды.
– Жұмыстың жоспар бойынша жүруі аса маңызды. Бұл тұрғыда Үкіметтің ұстанымы қатаң болуы қажет. Жекешелендірудің соңы жеке монополиялардың пайда болуына әкеп соқтырмауы керек. Ондай жағдай қоғамның наразылығын тудырады. Жекешелендіру үдерісі кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Президент Үкіметке нысандарды сатуға қоғамдық мониторинг жүргізудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы IPO құралдарын мейілінше кең пайдаланудың қажеттігін айта келіп, жекешелендіру мәселесінде бұл тетікке басымдық беруді атап өтті.
– «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртып, акцияларды, ең алдымен, жеке тұлғаларға, яғни, Қазақстан азаматтарына сату керек. Еліміздің әрбір азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленген жедел шаралар топтамасы талқыланды.
Аталған шаралар шағын және орта бизнес субъектілері үшін төлем тетігін жеңілдетуге және еңбекақы қорына салық жүктемесін азайтуға, жаңа өндіріс компаниялары үшін ҚҚС бойынша мөлшерлемелерді 70 пайызға төмендетуге, «Бизнестің жол картасы» субсидиялау бағдарламасына микроқаржы ұйымдарын қосуға және басқа да жолдар арқылы экономиканың сапалы әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңмен бекіткеннен кейін бұл нормалар осы жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асырылуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерін анықтап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Президент аталған шарадан мейілінше мол мағлұмат алу үшін сауалнаманың мазмұнына көңіл бөлу қажет екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы азаматтарға аса көп сауал қоймауды және санақты өткізудің оңтайлы жолдарын пайдалануды, оның ішінде, пандемияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеулерді ескере отырып, цифрлық технологияларды кең қолданған жөн деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының төрағалығымен арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Аталған топ ұйымдастырумен және негізгі мәселелерді шешумен, сондай-ақ, дайындық жұмыстарын үйлестіріп, оны іске асырумен айналысады.
Ұлттық санақ осы жылдың қазан айында өткізіліп, ал 2022 жылдың ортасына қарай Үкімет нақты мәліметтерді жариялауы тиіс.
http://www.akorda.kz/