1 ақпаннан бастап өңірімізде коронавирус инфекциясына қарсы тұрғындарды вакцинациялау шаралары басталды. Алғашқылардың бірі болып екпе алғандардың қатарында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов пен полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев болды.
Бүгінгі күні 4 қалалық емхана мен 13 аудандық ауруханаға 1200 доза вакцина жеткізілді. Нұрлан Аймановтың айтуынша, бірінші кезекте коронавирус жұқтыру қаупі жоғары инфекциялық стационарлар, “Жедел жәрдем”, қабылдау және жансақтау бөлімдері, емхана, басқа да емдеу мекемелерінің қызметкерлері егіледі. “Ең алдымен дәрігер пациентті тексеріп, дене қызуын өлшейді. Екпе алған адам жарты сағат бақылауда болып, үйіне жіберіледі. Бірақ кейін де, яғни, бастапқы үш күн бойы медицина қызметкерлері вакцина қабылдаған азаматтың қал-жағдайын біліп отырады. 21-ші күні ол екпені қайта алады. Бұл жолы дәрінің дозасы күштірек болады. Алдағы уақытта облысымызға қосымша вакцина жеткізіледі”, – дейді Нұрлан Бақдәулетұлы.
Тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакцинациялау медициналық ұйымдардың 19 егу пункттерінде кезең-кезеңмен жүргізіледі. Екпе коронавирус инфекциясын жұқтыруға және таратуға бейім адамдар, педагогтар мен полицейлерге және созылмалы ауруы бар азаматтарға алдымен қойылады. Оны алар алдында нұсқаулықпен танысып, вакцинаның құрамы және өндірушісі туралы ақпаратты оқыған абзал.
31 қаңтардағы ақпарат бойынша облыс аумағында тәулік ішінде “COVID-19”-ды 85 адам жұқтырған, оның ішінде ауру белгілері бар 53 жағдай тіркелді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.