“Nur Otan” партиясы сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыруға кірісті. Бұл туралы “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова айтты.
“Жол карталары бір айдың ішінде әзірленетін болады. Облыстық мәслихаттың депутаттығына біздің фракциядан 24 адам сайланды. Партияның депутаттық корпусы сайлауалды бағдарламаны орындауға дайын. Мәселен, Петропавлда “Qyzyljar” еркін экономикалық аймағы аумағында электр техникалық өнімдерін өндіретін зауыт салынуда. Жоба құны – 10 млрд теңге. Пайдалануға берілген жағдайда 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл партияның сайлауалды бағдарламасының бірінші бағытында айтылған. Осындай жеті озық жоба бар”, – деді өз сөзінде Әсем Қалашбайқызы.
Сайлауалды бағдарламалар аумақтарды дамытудың өңірлік, қалалық және аудандық жобалары негізінде, сондай-ақ, қатардағы партия мүшелерінің ұсыныстары бойынша жасалды. Праймериз барысында 1200-ден астам ұсыныс жинақталып, аймақтың сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Әлеуметтік, экономикалық салаларды дамытуға айрықша басымдық беріліп отыр.
Біздің өңіріміз үлкен өндірістік әлеуетке ие. Өткен жылдың қорытындылары бойынша облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң өсімі сақталды. Бұл нәтижелерге солтүстікқазақстандықтардың үйлесімді жұмысы мен бірлескен еңбегінің арқасында қол жеткізілгенін айтқан Әсем Рахметова алдағы уақытта осы қарқынды төмендетпей, Президент белгілеп берген міндеттер мен тапсырмаларды орындауда өңір еңбеккерлері өздерінің зор үлесін қосатынына сенім білдірді.
Ілияс СӘБДЕНОВ,
“Nur Otan” партиясы облыстық
филиалының баспасөз хатшысы.