«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХТЫҢ ЕСКЕРТКІШІ СЕКІЛДЕНІП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр жарық дүниемен мәңгілікке қош айтысқан Шалқар Кәрібаев – Ақжар, Уәлиханов өңірлеріне қатысты, топонимикалық, тарихи атауларды этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеуге сүбелі үлес қосқан жергілікті өлкетанушылардың бірі еді. Өкініштісі сол, ағамыз көңілге қонымды, құлаққа әуезді естілетін байырғы жер-су аттарын бір жүйеге түсіріп, ғылыми еңбек шығару арманына жете алмай кетті. Оның құймақұлақ қариялардың естеліктеріне, ресми құжаттарға сүйене отырып, осы саланы кеңінен қамтып жазған мақалаларының өскелең ұрпақ үшін танымдық, тәрбиелік маңызы зор.

Шалқар ағамыз әрбір топоним­дік атауды сол жердің тарихымен, сондай-ақ, табиғат ерекшелік-өзгешеліктерімен байланыстыра қарап, тұжырым жасап отырады. Мә­селен, “Бірінші май” кеңшары Коминтерн бөлімшесі аумағындағы көлдің бұрынғы атауы “Найзатомар” болғанын былай баяндайды. “Көлдің жағасында су мен желдің әсерінен құлаған емен мен қайың­ның ұшы найза тәрізді сойдақталып қалған түбірлері қалып қойғандықтан, “Найзатомар” көлі атанған. Бұл жерді қыпшақ руы­ның Оразбай аталары шамамен 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында Ақмола өңірінен келіп қоныстанған. Ұжымдастыру жылдары “Коминтерн” ұжымшары құрылып, байырғы атауы ұмытылды”, – деген уәжі нанымды.
Марқұм бірқатар жер-су атауларын және соған қатысты аңыз-әңгімелерді көнекөз қариялардың айтуымен қағаз бетіне түсірген. “Шетел тарихшыларының жазбаларында қазақты тумысынан на­дан, топас, ынжық, қорқау етіп көрсету жағы басым. Сонау Шыңғыс хан заманынан бұрын ата-бабаларымыздың құтты мекені мен ырысы болған Сібір өңірі қазаққа еш уақытта жат болған емес. Бұл өңірді батыстан жатжерліктер ке­ліп, басып алғаннан кейін көптеген жер атаулары солардың тілдеріне икемделіп, өзгеріске ұшырады. Бірақ олардың байырғы атаулары әлі де болса халқымыздың санасы­нан өше қойған жоқ”, – деп жазады зерттеулерінің бірінде.
Омар Сансызбайұлынан естігенін былай баяндайды. “Ол кісі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ахмет Байтұрсыновтың тікелей бастамасымен құрылған фольклорлық экспедиция құрамының мүшесі болды. Қазақ халқы мен хандарының шығу тарихы туралы шежірелер мен деректер жинастырылды. Бұл мәселеге абыздарымыз Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұхамеджан Тынышпаев, Санжар Асфандияров, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов және өзгелері де атсалысты. Солардың қатарында Омарға Сібір өлкесін мекендеген қазақтар мен басқа да халықтардың шежірелері мен аңыз-әңгімелерін жинастыру тапсырылды. Омардың баяны бойынша сибкрай қазақтарының жаз жайлауы болған бұл мекеннің бұрынғы атауы – Бастерек тоғайы, Бастерек жайлауы немесе Бастерек көлі. 19-шы ғасырдың аяғында осы көлге таяу шұ­райлы жерлердің батыс жағы – Бастерек жайлауына ішкі Ресейден орыс переселендері қоныстанып, Филоновка деревнясының негізін қалаған. Көлдің солтүстік шығыс өңіріне 19-шы ғасырдың басында Дәуіт аталарынан тараған ұрпақтар қоныс тепкен. Осы жердің байырғы атауы шамамен 1901 – 1902 жылдары осы араға қыр еліндегі (Сарыарқаның адамдарын бізде қырдың қазақтары деп атайды) Тоқырауын өңірінен бір төренің келуіне байланысты өзгерген көрінеді. Ал енді бір дерек көздеріне сүйенсек, осы араға Омбыдан аң-құс аулауға орыстың ұлығы келуіне байланысты қойылған. Бірақ Омбы маңайындағы қазақтардың байырғы тілінде “орыстың төресі” деген ұғым жоқ. Оларды “орыстың ұлығы” немесе өздерінің тілдерінен ен­ген атаумен “орыстың қожайыны” деп атаған.
Ағамыздың Тұғыржап пен Мұқыр елді мекендерінің атауы Қыпшақ Қошқарбай батыр Сағалайұлының есімімен тығыз байланысты деген ойды көлденең тартуы құптарлық. Қошқарбай батырдың елі осы өңірді 17-18 ғасырларда мекендеген. Тұғыржап – құба қалмақтың жекпе-жекте жау түсірген атақты батырларының бірі. Құлан қыпшақ руының арғы тарихы Сібір хандығының іргесін қалаған сонау Тайбұға әулеттерінің билік құрған дәуірінен бастау алады. Орыс­тардың Сібірді жаулап алу жорығына қарсы қол бастаған батырлардың бірі – қыпшақтың Құлан атасына жататын Қайдауыл елінің қолбасшысы Сейітқұл Жамақұлы. Көнекөз қариялардың айтуынша, Қошқарбай батырдың арғы аталас туысы болып келеді. Мәскеу патшасының сібір жерін жаулап алуға қарсылық көрсеткен батырларының бірі абақ Керей руынан шыққан ағайынды Құттымбет, Бәйімбет деген кісілер екен. Құттымбеттің ұлы Байтайлақпен Қошқарбай батыр үзеңгілес болған. Осы атаның ұрпақтары орыс-казактардың қысымына және бір бүйірден тиіскен құба қалмақтардың жортуылына шыдамай ауыл-аймақтарымен бірге Қара Ертісті өрлеп көшіп кетсе де, Қошқарбай батыр өзінің қарамағындағы жұртымен оларға ілеспей қалып қойған. Бірақ та көшкен қалың елмен қарым-қатынасын суытпаған. Бұл уақытта ат жалын тартып мінген Қошқарбайдың орыс-казактармен жерге қатысты дау-дамайларда, қазақ-қалмақ арасында болған теке-тірес соғыстарда жас шамасына қарамай батырлығымен аты шыға бастаған кезі екен. Оның дақпырты өз елінде аты шыға бастаған қалмақтың жас батыры әрі жайсаңы Тұғыржапқа да жетеді. Екеу ара бір айқасуды мақсат қылады. Неде болса Қошқарбайды өз жерінде аттан түсіріп, абырой алуды ойлаған Тұғыржап жаушы арқылы Қошқарбайға белгіленген жерде белдесу үшін кездесейік деп хабар жібереді. Қошқарбай да Тұғыржаптың айтқанын құп алып, күш сынасатын жерді Үлкен Қараой көліне құятын Шат өзенінің жағасын белгілейді. Тұғыржап межелі жерге жеткен соң бір күн демалып, тұрақтайды. Түс көреді. Түсінде Қошқарбай батырдың кеудесіне мініп, жауын жеңген екен. Көрген түсін қасындағы еріп келген сәуегейі Мұқырға айтады. Мұқыр қазақтың батырын жеңіп, еліңе абыроймен қайтасың, бұл түсті Қошқарбай да көріп, жүрегі шайлығып отыр – дейді.
Қошқарбай батыр түсінде қалмақ­тың батыры Тұғыржаптың кеудесіне мініп алып, басын кескелі жатқанын көреді. Ұйқысынан шошып оянған батыр көрген түсін жанындағы жауырыншысы Бектемірге айтады. Бектемір: “Өңіңде қорықсаң, түсіңде қуанасың”, – деген ырым бар. Иншалла, түсіңде көрген жауыңды сен өңіңде жеңесің. Қорықпай айқасқа дайындал, жолың болады”, – деп батасын береді.
Екі батыр Шат өзенінің жағасында кездесіп, үш күн бойы бірін-бірі ала алмайды. Ақырында Қошқарбай ебін тауып, найзасының ұшын қарсыласының өңешіне қадайды. Өндіршегіне найзаның ұшы бойлай кірген қалмақ атынан өкіріп құлаған қалпы жер құшады. Жерден басын көтерген қалмақтың батыры “Қошқарбай! Мен сені шынында да түсімде аттан аударып түсіріп, өзімнің жеңетініме кәміл сеніп едім. Бірақ сенің түс жорушың мықты екен. Енді мені осы араға арулап қоюыңды сұраймын”, – деп ақырғы тілегін айтып, жан тапсырады. Аманатқа адал Қошқарбай бітіспес жауын арулап жерлейді. Оның қасына еріп кел­ген түс жорушысы Мұқыр Бектемірден қазақ дәстүрімен түс жоруды үйрену үшін бір көлдің жағасында қоныстанып қалады. Содан бері қалмақтың батыры жерленген жер Тұғыржап, ал соған таяу өңірдегі көлдің аты Мұқыр атана­ды. Кейін бұл маңай Қарауылдың ағайынды Саң-Сәттімбет атасынан тарайтын ұрпақтардың қонысы болды. Қошқарбай батырдың арғы аталары Сібірдің Тобыл, Сүйір өзендерінің алқабын жайла­ғаннан кейін казак-орыстардың қысымымен 17-ші ғасырдың ортасында Сейіт­құл батыр Жамақұлының баласы Олжай батырдың бастауымен Құрымбел даласына қоныс аударған. Омбы облысындағы суы тұзды Олжай көлі осы кісінің есімімен байланысты.
Шалқар марқұм топонимика саласына арнаған әр мақаласында байырғы жұрт мекендеген жер-су, елді мекендердің шығу тарихының, мән-мағынасының, ұлы тұлғалардың өмір сүру ортасының, жорық жолдарының астарына терең үңіле отырып, өзіндік байлам жасауы, ой түюі, құнды деректер ұсынуы нанымды да әсерлі.
Болат ӘМІРИН,
журналист.
Ақжар ауданы.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp