Тағдыр тауқыметін тартқан Мәриям Өтегенованың (аты-жөні өзгертілді) өмірі өксікке толы. Жасы сексеннен асқан кейуананың іштегі дерті зіл батпан. Мұңы мен шері қалың әжейдің өзегін өртеген өкініш, сансыз сауал бізге де ой салды. Қарияның жүрек сыры ұятын жоғалтқан ұрпақтың санасына қозғау салса деген ниетпен қолға қалам алып, қағаз бетіне түсірдік.
Мәриям Өтегенова,
84 жаста:
“Түнімен көз ілмей шықтым. Хакім Абай айтпақшы, “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек…”. Әлдебір ойлар маза берер емес. Оның үстіне кеш болса, аяғым сырқырайды. Тіршіліктен мән, өмірден сән кетті. Енді Құдайдың берген ғұмырын уайымсыз, алаңсыз өткізгім келеді. Алайда, жаным тыныштық таба ма? Жо-жоқ, адам қанша өмір сүрсе де, бұл жалғанның “тосынсыйы” таусылмайды екен. Бұл – ақиқат, бұлжымас заңдылық. Тағдырға ешкім қарсы тұра алмайды. Сондықтан Жаратқанның маңдайға жазғанын көріп келемін.
“Әйелдің қырық жаны бар”, – дейді дана халқымыз. Астарында салмақты ойы бар жөн сөз. Отбасының тыныштығы, бала-шағаның қамы үшін әйел байғұс қандай қиындыққа болсын төзуге дайын. Тіпті, отбасында зорлық-зомбылық, қорлық көрсе де қыңқ етпейтін қыз-келіншектер бар. Қыздың қайтып келуі қазақы тәрбиеге қайшы. Сондықтан “қыз – қонақ”, “қыз – жат жұрттық” деп тәрбиелеген ата-анамызды жерге қаратпай, барған жерімізге тастай батып, судай сіңуді санамыздан шығармадық. Бірақ қазір заман өзгерді. Адамның өмірге, отбасылық құндылықтарға деген көзқарасы да басқаша. Мәселе, онда емес. Бәлкім, жастық шағымда көрген қиындықтарға мойынсұнбай, тағдырға қарсы шықсам, өмірім басқа арнаға бұрылар ма еді, кім білсін?!. Әйтсе де, өткен өмірге өкінбеймін. Одан не пайда? Өмірдің көбі кетіп, азы қалды. Бірақ бақытты қарттық бұйырмағанына налимын.
Ата-ана баласын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Десе де бала тәрбиесінде бізден де бір ағаттық кеткен шығар. Әйтпесе, ұрпағымнан мұндай қорлық көрер ме едім?
Мен 1937 жылдың дүрбелең шағында Петропавл қаласында дүниеге келдім. Осы жерде өсіп-өндім. Жолдасым да Қызылжардың тумасы. Біз 1960 жылы отбасын құрдық. Алтын асықтай екі ұлды бірінен соң бірін дүниеге әкелдім. Жолдасым екеуміз соларды бағып-қағу үшін жастық шағымызда бір сәт дамыл тапқан жоқпыз. Ол зауытта, мен “Зелентресте” жұмыс істедім. Сол жерден зейнет демалысына шықтық. Құдайға шүкір, құрмет-беделден кем болған жоқпыз.
Кеңес өкіметі тұсында барлығы тең өмір сүрді. Бірақ тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, дәлірек айтсам, қайта құру мен тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұрмыс жағдайын қиындатты. Елде жоқшылық, тапшылық орын алды. Зейнетақы, жалақы мен өзге де әлеуметтік төлемдер берілмеді. Тоқсаныншы жылдары “ала дорба” бизнесі кең етек алды емес пе? Менің де сорым қайнап, Алматыдан, кейін Болгариядан киім-кешек, ыдыс-аяқ тасыдым. Соны сатып, азын-аулақ тиын-тебен табатын едік. Кейде базарда азық-түлікке айырбастайтынмын. Ол тұста біздің балаларымыз да ержетіп қалған еді. Бірі отбасын құрса, екіншісі әскерге аттанды. Кейін тұңғышымыз отбасымен Ресейге қоныс аударып, сонда тұрақтап қалды. Ал екінші ұлымыз әскерден келген соң, біздің қолымызда тұрды.
Жасырып қайтейін, марқұм жолдасым бөтелкемен “достасты”. Сол күннен бастап үйден де береке қашты. Бірақ ол қанша ішсе де, жұмысына мығым болатын.
Жастықтың албырттығы, сезімнің соқырлығы, махаббаттың мастығы ма, әйтеуір кенже ұл ерте отбасын құрды. “Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың”, – деп қазақ текке айтпаған. Дүниеге немерелер келген соң, солар үшін қам жедік. Кейін ұлым жөнсіз қылық шығара бастады. Ол да “ащы суға” әуестеніп алды, аузы арақтан құрғамайды. Жас отбасының түбіне жеткен де қу арақ болды. Көп ұзамай олар ажырасып кетті. Қос немереміз – көз қуанышымыз еді. Ұлымыз бен келініміздің жолы екіге айырылған соң, немерелерімізден де қол үзіп қалдық. Сөйтіп, күн, апта, ай, жылдар жылыстап, арада бірталай уақыттың өткенін аңғармай қалдық. Ал үміт артқан ұлдан қайыр болмады. Біздің арқамызда күн көрді. Кейде алыстан арқалап әкелген заттарымды сатып, соның ақшасын ішіп қоятын. Оған да көз жұма қарауға тура келді. Өзімнің балам ғой, қайтейін. Оның үстіне әкесі де араққа салынып кетті. Екеуімен арпалысып, күнелтіп жүргенде жолдасым жүрек дертінен қайтыс болды. Бұл 2000-шы жылдардың бас кезі болатын. Әкесі қайтыс болған соң, ұлға ақыл кіретін шығар деп ойладым. Бірақ санада саңылау болмаса бәрі бекер екен. Соңғы 20 жылды мен қорлықпен өткіздім. Ішіп алғанда аузына ақ ит кіріп, көк ит шығады. Мені балағаттау былай тұрсын, ақша бопсалап, қол көтеруге дейін баратын. Анасына өлім тілеген баладан не үміт, не қайыр?
Ол ешқандай жерде жұмыс істемеді. Екеуміз менің зейнетақыма күн көрдік. Меншігімде кезінде “Зелентрес”-тен бұйырған екі бөлмелі пәтер бар. Соңғы кезде сол пәтерді атына аударуым қажеттігін айтатын. Өйткені, алда-жалда өліп қалсам, пәтерді ағасымен бөліске салу қажет қой. Біз балаларды ешқашан бір-бірінен бөліп-жарған емеспіз. Бірақ онда бала күнінен іштарлық, көреалмаушылық, барын білетін едім.
Арақ адамды аздырады емес пе? “Ащы су” оның санасын әбден улады. “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” демекші, араққа сылқия тойып келгенде, жанжалдың басы пәтер дауы болатын. Үйдегі ұрыс-керістен әбден қажыдым. Ресейде тұратын ұлымды жылына бір рет қана көремін. Кейде аяушылық білдіріп, мені өзімен бірге алып кететін. Ол менің Ресейде тұрғанымды қалады. Бірақ туған жерімді, өскен ортамды қалай қиып кетемін. Жасым да келіп қалды. Бірер ай Ресейде болғанда, Отанымды, өз ортамды сағынамын. Сондықтан бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болатынмын.
Өмір заңы қатал ғой. Өткен жылы жазда ұлымнан көз жазып қалдым. Қанша қиянат жасаса да бауыр етің балаңды қара жер қойнына табыстау қиын екен. Өкініш өзекті өртейді. Көңілді қайғы мен мұң басты. Жапан түзде жалғыз қалғандай күй кешкеніммен, жаным тыныштық тапқандай. Өліара шақ орнағандай. Дауылға айналған өмірім бір сәтте өзгеріп шыға келді. Бірақ бұл тыныштық көпке созыла қойған жоқ. Қызықтың көкесі енді басталды. Әкелерінен қалған мұраны қазір немерелерім талап етуде. Алты айдан соң мүлікке талас басталды. Заң бойынша пәтердің бір бөлігі оларға да тиесілі екен.
Бағым да, сорым да болған екі бөлмелі пәтер түбіме жететін сияқты. Қара жер қойнына енген соң, онсыз да бұл пәтерге артымда қалған ұрпақ иелік етпей ме? Қорлық көретіндей Құдайға не жаздым? Бір кездері өзім бағыпқаққан қос немерем басқа шауып, төске өрледі.
Ата-анасы ажырасқан соң, олар бізден жырақта өмір сүрді. Бәлкім соның да кесірі шығар. Бүгінде өздері де үйлі-баранды, бала-шағалары бар. Бала мен әке ретінде олар жақсы қарым-қатынаста болды дей алмаймын. Тек сызығы жақындағанын сезгендей, ұлым қайтыс боларының алдында балаларын бауырына тарта бастады. Ұл-қызының әкелеріне пейілдері қандай болғанын білмеймін, бірақ балам қайтпас сапарға аттанып, келместің кемесіне мінген күні немерелерім үйге келіп, тінту жүргізді. Әкесі жатқан бөлменің астаң-кестеңін шығарды.
Көктемде жылдар бойы қараусыз қалған саяжайды сатып, сол ақшаның тең жартысын Маратқа берген болатынмын. Көздегендері сол болған шығар. Алайда, оны Марат әлдеқашан ішіп бітірген еді. Әкелерін қайғырып, жаназа рәсімін өткізуге қамданудың орнына, ақша іздеген әлгі екеудің іс-әрекеті жаға ұстатарлық. Енді, міне пәтерден өз үлестерін даулап, зәре-құтымды қашыруда.
Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұрған менде енді өмір үшін күресудің не мәні қалды? Оған әл-дәрменім де жоқ. Өзімнің немерелеріммен соттасудың қандай қажеті бар? Алланың алдында да, адамның алдында да ұятқа қалудан қорқамын. Қазір жасым 84-те. Енді қанша жүрер дейсің? Немерелерім шыдамдылық танытып, тыныштық берсе қайтеді? Әлде қоғам сонша қатыгез болғаны ма? Адамгершілік құндылықты дүние-мүлік алмастырмайтынын немерелеріме айтып түсіндіргім келеді, бірақ еститін құлақ жоқ. Мейірімсіз, тасжүрек қоғамнан қорқуға айналдым. Мен соны ойлап, түні бойы дөңбекшимін. Ей, адамдар біз қай қоғамда өмір сүрсек те, ар алдында жауап беретінімізді ұмытпайық деп айқайлағым келеді. Бірақ қорғасынның салмағындай ауыр ойдан еңсемді көтерер емеспін. Беу, дүние-ай, десеңші!”
Дайындаған
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА.