«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСЫНЫСТАРЫН ЖЕТКІЗДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері биылғы жылы алғаш рет өткізілген облыс­тық полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның отырысында қаралды. Консультативтік-кеңесші органның мүшелері полиция басшылығымен бірге күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын жасады.

Барлық санитарлық нормалар сақтала отырып өткізілген жиынға облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев, бейнебайланыс режімінде қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары қатысты.
Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов өткен жылғы карантиндік шектеулерге қарамастан полицияның тұрғындармен жұмысын оңтайландыру бағытында кешенді істер атқарылғанынын атап көрсетті. Жол-көлік оқиғаларының алдын алудағы, есірткі граффитилерін өшірудегі, қоғамдық тәртіпті сақтаудағы, қылмыспен күрестегі, сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторларының, арнайы ХҚКО жұмысындағы түйткілді мәселелер жүйелі түрде шешімін табуда
Облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климовтың айтуынша, пандемия кезінде алаяқтық біршама артқан. 2020 жылы тіркелген 727 алаяқтықтың 495-і интернет арқылы, оның 166 фактісі Қазақстан Республикасы­нан тыс жерден жасалған. Желілердегі алдап-арбаудың саны біздің облысымызда ғана емес, еліміз бойынша да артып отыр. Бұл қылмыс түрін ашу үшін жан-жақты талдаулар мен көп уақыт қажет.
Облыстық көші-қон қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Талғат Әбілов мемлекеттік қызмет көрсету бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. 2020 жылы облыс аумағында 134 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ең көп сұранысқа ие қызмет түрлері – төлқұжаттар мен жеке куәліктер беру, Қазақстан азаматтарын тұрғылықты жерлері бойынша тіркеу.
Консультативтік-кеңесші органның мүшелері еңбек, көші-қон және құжаттандыру мәселелері бойынша тұрғындармен практикалық семинарлар өткізуді, мемлекеттік қызметті стандартқа сәйкес сапалы көрсетуді ұсынды.

Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және
сыртқы коммуникациялар
бөлімінің басшысы.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp