«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСЕРЛІ ӘҢГІМЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әл-Фараби мектеп-лицейінде “ZOOM” платформасында он­лайн сұхбат өтті. Саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен сұхбатқа әлемнің екі дүркін чемпионы, “Қазақстан барысы – 2014” турнирінің жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхит Тұрсынов қатысты.

Қазақ күресі – ұлтымыздың асыл қазынасы. Ұлттық өнерді меңгерген күш атасы Қажымұқанның ізбасарлары бүгінгі күні аз емес екенін көріп қуанамыз. Солардың бірі де бірегейі Мұхит Тұрсынов десем, асыра мақтағандық емес. Спорт майталманы Алматы қаласында оқу-жаттығуда жүргеніне қарамастан, уақыт тауып, жеткіншек ұрпақтың сауалына жауап беріп, әсерлі әңгіме өрбітті. Соңғы екі жылдан бері республикалық сайыстарда өңір намысын абыроймен қорғап жүрген “Қызылжар Арландары” спорт клубының өкілі жасөспірімдерге саламатты өмір салтының артықшылықтарын, ұлттық күреспен шұғылданудың әдіс-тәсілдерін айтып берді.
Өз кезегінде оқушылар Мұхит Тұрсыновқа түрлі сұрақтар қойды. Тіпті, оның әлеуметтік желідегі оқырмандарының саны неге аз екенін білгісі келгендер де болды. Тағы бір шәкіртіміз осы күнге дейін Қызылжар өңірі балуандарының “Қазақстан барысы” турнирінде неліктен бағы жанбай жүргенін сұрады. “Бір сұхбатыңызда әкем жетпеген биікке мен жетемін деген екенсіз. Арманыңыз орындалды ма?” – деген сауалға Мұхит Тұрсынов: “Иә, ол арманып орындалды. Өйткені, әкем де – спорт саласының өкілі. Бірақ оның заманында “Қазақстан барысы”, “Еуразия барысы”, тағы басқа да халықаралық дережедегі бәсекелер көп бола бермейтін. Осындай байқауларда боз кілемде бағың жанғаны әкенің де абыройын асқақтады”, – деп жауап берді.
“Алаштың айбатты ұлы
арыстарым,
Қайратты һәм жүректі
Арыстаным.
Ақылың алдырмайтын
қорған болып,
Мәңгілік биік тұрсын намыстарың!” – деп ақындар жыр­лағандай, ұлтымыздың ұландары Мұхит Тұрсынов секілді намысты азаматтардан үлгі алса игі!

Айгүл ЫСҚАҚОВА,
әл-Фараби мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp